"Қонатын жер таппай жүретінбіз": Азамат Сатыбалдының жары қиын кезеңді еске алды

"Қонатын жер таппай жүретінбіз": Азамат Сатыбалдының жары қиын кезеңді еске алды
Фото: видеодан скриншот

Белгілі актер Азамат Сатыбалды мен оның жары, актриса Назгүл Қарабалина шаңырақ көтерген алғашқы жылдардағы сынақтар мен қиын кезеңдері туралы ашық айтып берді, деп хабарлайды Politico.kz Caravan.kz медиа порталына сілтеп.

Назгүл Қарабалинаның сөзінше, үйленген кезде олардың той жасауға да мүмкіндігі болмаған. Алайда ауқатты отбасынан шыққанына қарамастан, ол материалдық жағдайға емес, сүйген азаматының жанында болуға басымдық берген:

«Бізде мысалы шынымен той болған жоқ. Азамат сол кезде айтты, менде жағдайым жоқ, “не айтасың?” деді. Мен айттым: “Маған оның қажеті жоқ”, біз солай өмір бойына бірге кеттік. Мен өз деңгейінде ауқатты адамның қызымын, жоқшылықта өспедім. Сөйтіп біздің сынақтар басталды. Подвалда тұрдық, бірақ менің туған тәтем болды. Қонатын жер таппай жүретінбіз», — деді актердің әйелі.

Сұхбат барысында Азамат Сатыбалды да сол кезеңдегі ішкі сезімімен бөлісіп, жарының қолдауы өзіне үлкен мотивация бергенін жеткізді:

«Мен намыстанатынмын, қасымда подвалда жүрген кезде. Сол кезде подвалда тұрамын, су ағып тұрады. Мен айттым: “Тәтеңнің үйіне, үш бөлмелі үйге барып тұршы, маған 2 ай берші, аяқтан тік тұрып алайын, жатақхана аламыз” деп. Сол кезде: “Жоқ, Азамат, мен ол жақта тұрмаймын” деді. Содан кейін менде мотивация пайда болды. Қатты жұмыс істеп, оның барлық жағдайын жасау деген», — деді актер.

Актердің айтуынша, жарының қиын сәтте жанынан табылуы оған үлкен жауапкершілік жүктеп, тынбай еңбек етуге деген жігерін одан әрі арттырған.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу