Қостанай әкімі сотқа берген тасымалдаушымен ақыры бітімге келді
Қостанай мен Рудный қалаларын жалғайтын №120 бағыт 2026 жылдың соңына дейін жұмысын жалғастырады. Қала әкімі мен тасымалдаушы арасындағы дау сот залында бейбіт жолмен шешілді, деп хабарлайды Politico.kz порталы Қостанай облысы соттарына сілтемемен.
Қостанай облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты қала әкімінің шағымын қарады. Әкімдік жолаушылар мен жүк тасымалдауды ұйымдастыру туралы шартты бұзу үшін «Б.» жеке кәсіпкерін сотқа берген. Алайда талқылау барысында тараптар медиация тәртібімен өзара келісімге келді.
Жаңа келісімге сәйкес, кәсіпкер қала маңындағы №120 тұрақты бағытқа биылғы 31 желтоқсанды қоса алғанда қызмет көрсетеді. Ал 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап келісімшарт екі жақтың шешімімен тоқтатылады.
Бұған қоса жауапкер келісім үзілгеннен кейін сотқа шағымданбауға міндеттенді. Ол мерзім аяқталған соң әкімдікке ешқандай мүліктік немесе қаржылық талап қоя алмайды. Өз кезегінде талапкер, яғни Қостанай қаласының әкімі Марат Жүндібаев шартты бұзу туралы арызынан бас тартты.
Нәтижесінде сот осы келісімді бекітіп, іс бойынша өндірісті тоқтатты. Әзірге сот ұйғарымы заңды күшіне енген жоқ.
Соңғы жаңалықтар