Құлыбаевтың есімі атышулы халықаралық зерттеуде аталды

Құлыбаевтың есімі атышулы халықаралық зерттеуде аталды
Коллаж: Politico.kz/ЖИ

Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы, кәсіпкер Тимур Құлыбаев халықаралық журналистік зерттеуге ілікті. Зерттеу авторларының мәліметінше, Германияның ірі банкі Deutsche Bank бірнеше жыл бойы Құлыбаевтың байлығының қайдан келгеніне күмәнданған. Ал 2020 жылы оның шотына аударылмақ болған $15 млн бұғатталған. Бұл туралы «Власть» материалында жазылған, деп хабарлайды Politico.kz.

Inside Deutsche Bank халықаралық журналистік жобасы банктің ішкі 15 млн-нан астам құжатын зерттеген. Олардың арасында басшылықтың хат алмасулары, күмәнді ақша аударымдары туралы есептер және клиенттердің қаржысына қатысты құпия мәліметтер бар. Құжаттарды банктің ішінен екі адам жасырын түрде берген.

Бірнеше айға созылған зерттеуге әлемнің 50-ден астам елінен 200-ден астам журналист қатысқан. Жұмысты Barracuda Media коммерциялық емес ұйымы үйлестірген.

Зерттеу авторларының айтуынша, Deutsche Bank ықпалды клиенттері үшін өз ережелерін бұзып, ақшаны жылыстату мен санкцияларды айналып өту белгілеріне көз жұмған. Кей жағдайда күмәнді операциялар банк арқылы өткеннен кейін бірнеше жылдан соң ғана анықталған.

Құлыбаевқа қатысты не анықталды?

Журналистердің қолына түскен құжаттарда Тимур Құлыбаев Deutsche Bank-тің 2006 жылдан бергі клиенті ретінде көрсетілген. 2013 жылы банктің ішкі тексерісі оның атына 2000 жылдардан бері тағылып келген сыбайлас жемқорлыққа қатысты бірнеше айыптауды анықтаған.

Алайда Құлыбаев жемқорлық үшін сотталмаған. Оның компанияларының бірі Еуропада кәсіпкерге қатысты қылмыстық тергеудің тоқтатылғанын растайтын құжат ұсынған. Осыдан кейін банк онымен жұмысын жалғастырған.

2020 жылғы қаңтарда Біріккен Араб Әмірліктеріндегі шоттан Құлыбаевтың шотына $15 млн аударылмақ болған. Зерттеу авторларының мәліметінше, кәсіпкер ақшаның қайдан келгенін дұрыс түсіндіре алмағандықтан, Deutsche Bank бұл операцияны бұғаттаған.

Соған қарамастан, бірнеше аптадан кейін банк қызметкерлері Люксембургте Құлыбаевтың әйелінің атына шот ашуға кіріскен. Ал кәсіпкермен ұзақ жылғы қарым-қатынасты тоқтату мәселесі бірнеше айдан кейін ғана талқыланған.

Құлыбаевтың жауабы

Тимур Құлыбаев заңгерлері арқылы өзіне қатысты заңбұзушылық туралы айыптауларды жоққа шығарды.

Олардың айтуынша, Deutsche Bank кәсіпкердің табыс көздерінен хабардар болған. Негізгі табысы жұбайымен бірге иелік ететін ALMEX инвестициялық компаниясынан және әйелінің Қазақстандағы Halyk Bank-тегі үлесінен түскен.

Заңгерлер Құлыбаевтың табыс көздерін банктен жасырғаны немесе әдейі жалған мәлімет бергені туралы тұжырымдарды шындыққа жанаспайды деп мәлімдеді.

Сондай-ақ олар журналистер ұсынған ақпарат негізінде $15 млн аударымды анықтай алмағанын айтты. Құлыбаевтың Deutsche Bank-те 2000 жылдардың ортасынан бері жеке шоты болғанын да жоққа шығарды. Заңгерлердің сөзінше, кәсіпкер жеке шотын әлдеқайда кейін ашқан, ал журналистер оның жеке және компанияларына қатысты банк операцияларын шатастырған.

Deutsche Bank не дейді?

Deutsche Bank қазіргі және бұрынғы клиенттерімен қарым-қатынасына қатысты түсініктеме беруден бас тартты.

Банк зерттеуде айтылған оқиғалардың көбі бірнеше жыл, тіпті ондаған жыл бұрын болғанын мәлімдеді. Оның хабарлауынша, 2019–2025 жылдар аралығында қаржылық бақылау жүйесін жетілдіруге 7 млрд еуро жұмсалған.

Банк өкілдері осы уақыт ішінде тәуекелдерді анықтау және басқару жүйесі күшейтілгенін, мекеменің жұмысы түбегейлі өзгергенін айтты.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу