Құлаған тікұшақтың құрбаны майор Бахтияр Ержігітов жерленді

Сорбұлақтағы тікұшақ апатында қаза тапқандардың бірі Павлодар облысында жерленді, деп хабарлайды POLITICO.KZ саяси-әлеуметтік порталы.
Қайғылы жағдай туралы облыс әкімі Асайын Байханов хабарлады. Ол 32 жастағы майор Бахтияр Ержігітовтің отбасы мен жақындарына барша павлодарлықтардың атынан көңіл айтып, халықтың соңғы сәтке дейін жақсылықтан үміт үзбeгенін атап өтті.
«Бүгін Шарбақты ауданы, Шалдай ауылынан шыққан жерлесіміз – Бахтияр Ержігітовті туған-туыстары мен жақындары ақтық сапарға шығарып салды.
Сорбұлақ көлі үстінде әскери тікұшақ кенеттен байланыссыз қалған сәтте, бәріміздің жүрегіміз бір үміт, бір күдікпен соқты. «Аман болар… оралар…» деген тілекпен алаңдап, дұғада болдық. Алайда тағдырдың жазуы басқа екен.
Бахтияр – ата-анасының көз қуанышы, отбасының тірегі, елінің ертеңіне үміт болған азамат еді. Ақтөбедегі әскери училищені, Талғат Бигелдинов атындағы әскери институтты тәмамдап, Семейде, кейін Жетігенде қызмет етті. Борт инженері қызметінен майор шеніне дейін көтерілді. Жасы небәрі 32-де еді. Бірақ сол қысқа ғұмырдың өзі – ерлікке, елге адалдыққа толы болды.
Ертіс-Баян жұртшылығы атынан жары Раушанға, балалары Ахмад пен Айлинге, ата-анасы Сәниолла Ержігітұлы мен Айман Задашқызына қайғырып көңіл айтамыз.
Сіздердің қайғыларыңыз – баршамыздың ортақ қайғымыз. Бахтияр есімізде мәңгі, жүректерге өшпестей із қалдырған қаһарман батыр. Жаны жәннәтта, нұры пейіште шалқысын.», – деп жазды Асайын Байханов.
Айта кетейік, Сорбұлаққа құлаған тікұшақта болған майор Бахтияр Ержігітовті іздеу кезінде оның анасы да оқиға орнында болған. Көзі жәудіреген ана үміт пен үрейдің ортасында жүріп, баласының аман табылуын тілеген еді.
Соңғы жаңалықтар





