Әкім кетті, орынбасары кетті: Атырауда тағы бір жаңа басшы тағайындалды

Әкім кетті, орынбасары кетті: Атырауда тағы бір жаңа басшы тағайындалды
Коллаж: Politico.kz

Атырау қаласы әкімінің орынбасары болып Айдулат Кенжебеков тағайындалды. Ол бұған дейін Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) тергеген қылмыстық істе аты аталып, кейін қызметінен кеткен Мейіржан Мұқасовтың орнына келді, деп хабарлайды Politico.kz.

Атырау қаласы әкімдігінің хабарлауынша, Айдулат Жанатұлы Кенжебековті тағайындау туралы өкімге қала әкімі Данияр Таханов қол қойған.

Жаңа орынбасар 1987 жылы Атырау облысында дүниеге келген. 2008 жылы Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетін «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 2008 жылы Атырау облысының Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасында бастаған. Алдымен жоспарлау-шарт бөлімінің бас маманы міндетін атқарып, кейін осы бөлімнің бас маманы болған. 2010–2011 жылдары бөлімді басқарса, 2011–2019 жылдары басқарма басшысының орынбасары қызметін атқарған.

2019–2022 жылдары Қызылқоға ауданы әкімінің орынбасары болды. Ал 2022 жылдың желтоқсанынан бері Атырау облысының Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасын басқарған.

Қала әкімі Данияр Таханов жаңа орынбасарына тұрғындарды толғандырған мәселелерді шешу бағытында жүйелі жұмыс істеуді тапсырған.

Айта кетейік, Кенжебековтің алдындағы орынбасар Мейіржан Мұқасов Атырау қаласы әкімдігінде 1,5 жылдан астам уақыт жұмыс істеген. Ол өз өтініші бойынша қызметінен кеткен. Бұл ақпаратты қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі растаған.

Бұған дейін ҰҚК Атырау қаласы әкімінің екі орынбасары Мейіржан Мұқасов пен Тілек Махуовқа қатысты тергеу жүргізілгенін растаған еді.

Кейін белгілі болғандай, ҰҚК-нің Атырау облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі қылмыстық істі төрт-бес ай бойы тергеген. Тергеу нәтижесінде бұрынғы қала әкімі Шәкір Кейкін мен оның орынбасары Мейіржан Мұқасовтың басқа күдіктілерге тағылған алаяқтық әрекеттерге қатысы жоқ екені анықталған. Осыған байланысты екеуіне қатысты қылмыстық қудалау тоқтатылған.

Еске салайық, биыл қыркүйекте Атырау қаласының әкімі Шәкір Кейкін қызметінен кеткен болатын. Оның орнына Данияр Таханов тағайындалды.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу