Құрбысы: Мәдина бұған дейін де күйеуінен 5-6 рет таяқ жеген

19.08.2026 23:30 Томирис САҒЫНДЫҚ
Құрбысы: Мәдина бұған дейін де күйеуінен 5-6 рет таяқ жеген
61
Фото: видеодан скриншот

Меркіде көз жұмған 18 жастағы Мәдинаның құрбысы Зейнеп жас жұбайлардың отбасында бұған дейін де жанжал болып, марқұм құрбысының 5-6 рет таяқ жегенін айтты, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы ол журналист Руслан Өтепбайға берген сұқбатында айтты.

«Ол маған: «Күйеуім мені ұрады» деп жиі айтатын, тіпті осындай хабарламалары да бар. Телефонына қоңырау шалғанымда да, өзіне барғанымда да осылай шағымданатын. Тіпті денесінің көгерген жерлерін суретке түсіріп жіберген және: «Ол мені осылай соққыға жығады» деп өз көзімше де көрсеткен еді. Тұрмыс құрған екі жылының ішінде Мәдина шамамен 5-6 рет дәл осылай таяқ жеді», — деді Зейнеп.

Ары қарай ол марқұм Мәдинаның не себепті бұл жанжалдар туралы өз отбасына айтпай келгенін түсіндірді.

«Анасының денсаулығы нашар болғандықтан, Мәдина оны уайымдатып, жүрегі ауырып қала ма деп қорыққан. Содан бұл жағдайды анасына айтпай, бәрін маған сеніп тапсыратын», — деді құрбысы.

Мұнымен қатар, Зейнеп дәл қайғылы оқиға болатын күні Мәдинаның қуанып дүкен аралап, анасына күліп тұрған видеосын жібергенін айтты.

«Оның «өзіне-өзі қол салды» дегеніне мүлде сенбеймін. Ол сол күні киім таңдауға барыпты. Мәз-мейрам болып күліп жүрген қыз анасына да қуанып видео жіберген. Видеода: «Міне, өзіме киім алайын деп жатырмын» деп айтқан. Ол мүлде ондай әрекетке баратын қыз емес еді. Олай істейтін адам, біріншіден, киім таңдауға бармас еді, екіншіден, күліп-ойнап жүрмейтін еді. Өйткені кешке дейін адам бұлай тез өзгеріп кете алмайды. Оның өз-өзіне қол салды деп ойламаймын. Себебі оның арқасында соққыдан қалған, шыбықпен сабалған іздер бар екенін көрдік. Беті-қолы тырналанған, қызарып тұр. Оған қоса, тырнақтарының асты көгерген, маңдайы соғылған. Басы жарылған ба, оны нақты білмейміз, бірақ басынан тоқтаусыз қан аққан. Сонымен қатар ішіндегі баласын түсіріп алған сияқты, өйткені астынан да қан тоқтамай ағып жатты. Жүкті болған еді. Маған «аяғым ауыр» деп айтты. Тест жасатқаны туралы маған жазған болатын, оны сіздерге көрсете аламын», — деді Зейнеп.

Войдите, чтобы оставить комментарий