Құрылыс компаниясы үйді балалармен қоса бұзып жатыр

Астанада құрылыс компаниясы балалар отырған үйді сот шешімінсіз сүре бастады
9 шілде күні Астанадағы «Садовод-3» саяжайында адам сенгісіз жағдай орын алды. Заңгер Жәнібек Башанов Facebook парақшасында жариялаған жазбасында «Best Stroy» құрылыс компаниясының әрекетін ашық заңсыздық деп атап, қоғамнан көмек сұрады.
Оның айтуынша, Нәжімеденов пен Әзірбаев көшелерінің қиылысындағы Мичурин көшесі, 2-үйде тұратын Асқар Байсеркеев пен Гүлмира Тілеубаеваның баспанасын компания жұмысшылары сот шешімінсіз бұза бастаған. Ең сорақысы бұл сәтте үйде екі кішкентай бала ғана болған. Үйдің шатыры сөгілгенде, балалардың қандай күй кешкенін елестету қиын.
Заңгер атап өткендей, бұл отбасы аталмыш құрылыс компаниясымен соттасып жатқанымен, сот процесі әлі аяқталмаған. Яғни, ешқандай ресми шешім шықпай тұрып, құрылысшылар үйді бұзуға кіріскен.
Бұл оқиғаның соңы емес, сол күні отбасыға 10 шілдеге дейін үйден мәжбүрлеп көшу туралы ескерту де табысталған. Мұны заңгер Башанов "Бұл қарапайым отбасын жаншу үшін арнайы жоспарланған әрекет" деп бағалайды.
"Сот шешімі шықпай тұрып, оларды далаға қуып, кейін үйді толығымен жоймақ", — дейді ол.
«Бүгін бұл баспанаға келсе, ертең басқамыздың үйімізге де бульдозер келуі мүмкін. Мұндай жабайылыққа жол беруге болмайды» деп дабыл қаққан заңгер ел азаматтарын, журналистер мен блогерлерді бұл жағдайға бей-жай қарамауға шақырды.
Соңғы жаңалықтар





