ҚТЖ мен «Самұрық-Қазынадағы» тергеу – тағы үш басшының есімі аталды

ҚТЖ мен «Самұрық-Қазынадағы» тергеу – тағы үш басшының есімі аталды
Коллаж: Politico.kz

Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) «Қазақстан темір жолы» (ҚТЖ) мен «Самұрық-Қазына» қорының тағы үш басшысы ұсталды деген ақпаратқа қатысты сотқа дейінгі тергеу жүріп жатқанын растады, деп хабарлайды Politico.kz.

12 қарашада Нұрлан Жақыпов пен Елжас Отыншиевтен бөлек өзге басшылардың да ұсталғаны хабарланған еді. Дереккөздің мәліметінше, құқық қорғау органдары 10 қарашада ҚТЖ басқарушы директоры, «Тасымалдау процесі дирекциясы» филиалының директоры Владимир Петровты, «Самұрық-Қазына» қорының Сатып алу әдіснамасы, бақылау және мониторинг департаментінің директоры Азамат Сембайды және «ҚТЖ – Жүк тасымалы» ЖШС бас директорының қамтамасыз ету жөніндегі орынбасары Қайрат Қабыловты қылмыс жасады деген күдікпен ұстаған.

Politico.kz осы ақпаратты нақтылау үшін ҰҚК-ге сауал жолдаған еді.

«Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті сұрауыңызды қарастырды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлаймыз. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының 1-тармағына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды», – делінген бөлімше бастығы Олжас Бектенов қол қойған жауапта.

Бұған дейін, ҰҚК «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен ҚТЖ басшысы Елжас Отыншиевтің, сондай-ақ басқа да адамдардың жемқорлық қылмыс жасады деген күдікпен ұсталғанын растаған. 14 қарашада сот екі басшыны қамауға алуға санкция берді.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу