Қырғызстан жер алмастыруды сұрады, Қазақстан не дейді: сарапшы жер айырбасының қаупін айтты

01.07.2026 12:21 Әсел МҰРАТ
Қырғызстан жер алмастыруды сұрады, Қазақстан не дейді: сарапшы жер айырбасының қаупін айтты
234
Фото: Jibek Joly

Қазақстан жаңа ақылы автомагистраль салу мақсатында Қырғызстан ұсынған тең құнды жер телімдерін айырбастау бастамасына келісе қоюы екіталай. Бұл туралы саясаттанушы Ғазиз Әбішев айтты, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұған дейін Қырғызстан президентінің баспасөз хатшысы Бішкектің Қазақстан тарапына Тоқмақ қаласы маңындағы тең құнды жер телімдерін өзара айырбастауды ұсынғанын мәлімдеген болатын.

Аумақ мәселесі – аса маңызды тақырып

Әңгіме ұзындығы шамамен 800 метр болатын жол учаскесі туралы болып отыр. Бұл аумақ ұзындығы 150 шақырымға жуық ақылы автомагистраль жобасын жүзеге асыру үшін қажет.
Алайда Ғазиз Әбішевтің айтуынша, бұл ұсыныстың қолдау табу ықтималдығы төмен.

«Меніңше, Қазақстан тарапы бұл ұсыныстан бас тартады. Аумақ мәселесі – өте сезімтал әрі мемлекет үшін қағидатты тақырып. Қазақстан өз мемлекеттік шекарасын халықаралық деңгейде түпкілікті бекіту үшін кезінде орасан зор жұмыс атқарды. Әрбір шаршы шақырым жер мұқият талқыланды: кейбір тұста жер телімдері айырбасталды, кейбір жерде өзара ымыраға келді, ал кей жағдайда Қазақстан өз ұстанымынан айныған жоқ. Бұл еліміздің тарихындағы аса маңызды кезеңдердің бірі болды және ол сәтті аяқталды, – деп жазды саясаттанушы өзінің Telegram-арнасында.

Әбішевтің пікірінше, Қазақстан үшін мемлекеттік шекара мәселесі әлдеқашан түбегейлі шешілген. Ел шекараны делимитациялау және демаркациялау жұмыстарын толық аяқтап, барлық қажетті халықаралық құжаттарға қол қойған. Сонымен қатар Қазақстан мен Қырғызстан арасында аумақтық дау жоқ.

Осыған байланысты сарапшы мемлекеттік шекараны небәрі шағын жер телімі үшін өзгерту туралы мәселені қайта көтеруге ешқандай негіз жоқ деп есептейді.

Саясаттанушы Қазақстан Конституциясында мемлекеттік шекараның мызғымастығы мен ел аумағының бөлінбейтіні нақты бекітілгеніне назар аударды. Оның айтуынша, бұл қағидаттар тең құнды жер телімдерін айырбастау арқылы болса да мемлекеттік шекараны қайта қарауға мүмкіндік бермейді.

«Неліктен мұндай прецедент қалыптастыруымыз керек? Қазақстанның мемлекеттік шекарасы – мызғымас шекара. Егер бүгін бір мемлекетпен шекараны өзгертуге келіссек, ертең дәл осындай ұсыныстармен басқа елдер де шығуы мүмкін. Бүгін кәсіпкерлер мен шенеуніктер саясаткерлерді қалыптасқан жағдайды өзгертуге көндіруге тырысса, ертең мұндай шешімдер күтпеген әрі күрделі салдарға әкелуі ықтимал», – деді Әбішев.

Сарапшының пікірінше, инфрақұрылымдық жобалар қаншалықты маңызды болғанымен, аумақ мәселесі уақытша қажеттіліктерге байланысты қабылданатын шешімдердің нысанына айналмауы тиіс.

Мәселенің мән-жайы

Еске салайық, бұған дейін Қырғызстан президентінің баспасөз хатшысы әлеуметтік желіде Бішкектің Қазақстанға Тоқмақ қаласы маңындағы тең құнды жер телімдерін айырбастауды ұсынғанын хабарлаған еді. Оның айтуынша, бұл ұзындығы шамамен 150 шақырым болатын ақылы автомагистраль салу үшін қажет.

Ол бұл бастама тек инфрақұрылымдық жобаға қатысты екенін айтып, мұндай мәселелердің «саяси алыпсатарлықтың құралына айналмауы тиіс» деп атап өтті.

Сондай-ақ Қырғызстан билігінің өкілі тең құнды жер телімдерін айырбастау тетігі бұған дейін Қырғызстан мен Өзбекстан арасындағы мемлекеттік шекараны реттеу кезінде қолданылғанын жеткізді.

Войдите, чтобы оставить комментарий