"Қыздың басында полиэтилен пакет болған"- Астанада қаза тапқан студенттің туыстары

22.05.2026 15:39 Мөлдір Қайнар
559
Фото: Stan.kz

Астанада көз жұмған 20 жастағы студент Айсәуле Қанахидың туыстары оның өліміне қатысты ресми нұсқамен келіспейтіндерін мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.

Марқұмның жақындарының айтуынша, Айсәуле бірнеше күн бойы интернет-алаяқтардың психологиялық қысымына ұшыраған. Сол уақытта ол белгісіз адамдарға 1,1 миллион теңгеден астам ақша аударып, алтын бұйымдарын ломбардқа тапсырған.

Туыстарының сөзінше, кейін қыз бейтаныс адамның шақыртуымен таксиге отырып, үйінен кетіп қалған. Оның денесі 1 сәуір күні таңертең жағалаудан табылған.

Айсәуленің әкесі Саябек Қанахи қызының өліміне қатысты күмәнді жайттардың көп екенін айтады.

«Қызымның басында полиэтилен пакет болған. Бірақ ол өте бос байланған, мойнында ешқандай із байқалмады. Мұндай жағдайда адам инстинктивті түрде қарсылық көрсетуі керек еді», – дейді ол.

Әкесінің айтуынша, алғашқы хаттамада маңдайындағы көгерген із туралы айтылғанымен, кейін бұл мәлімет сараптама материалдарында көрсетілмеген.

Марқұмның туыстары алаяқтардың бірі оқиға кезінде Айсәуленің жанында болуы мүмкін деп есептейді. Олардың айтуынша, ақша аударымын алғандардың бірі қызға “Сені көріп тұрған жоқпын” деп хабарлама жазған. Сонымен қатар дәл сол адам оған такси шақырып бергені айтылды.

Отбасы тергеу жұмыстарының баяу жүріп жатқанын да сынға алды.

«40 күннен астам уақыт өтсе де, көптеген тергеу әрекеті жасалмады. Телефон бұғаттаулы болды деді, бірақ біз полицияға тапсырмай тұрып бұғаттауды ашып бергенбіз. Олар тіпті телефонды қосып та қарамаған», – дейді Айсәуленің әкесі.

Туыстары істің интернет-алаяқтық және өз-өзіне қол жұмсауға дейін жеткізу баптары бойынша бөлек қаралуына да наразы. Олардың пікірінше, бұл жағдай кибералаяқтардың әрекеті мен қыздың өлімі арасындағы байланысты толық зерттеуге кедергі келтіріп отыр.

Войдите, чтобы оставить комментарий