Ресей элитасы Путиннен қатты түңілді, ал Кремльдегі жағдай күннен-күнге ушығып барады – The Guardian
Ресейлік саяси элита арасында ел президенті Владимир Путинге деген наразылық күшейіп, билік басындағылардың түңілуі тереңдей түсті, деп хабарлайды ұлыбританиялық The Guardian.
Экономикалық құлдырауға қарамастан, оқшауланған Ресей басшысы Украинадағы соғысты жалғастыруға бекініп отыр әрі оның ұзаққа созылған билігіндегі ең қиын кезең басталғаны байқалады. Батыс барлау қызметкерлері мен ресейлік бизнес өкілдерінің мәліметіне сүйенсек, президенттің айналасындағы элита соғыстың ұзаққа созылуынан да, ішкі экономикалық тоқыраудан да қатты шаршаған.
Биыл билік өкілдерінің көңіл күйінде айтарлықтай өзгеріс байқалып, алдағы апатты сезіну үрейі өскен.
«Ертең бәрі құлайды деп ешкім ойламайды, бірақ мүлдем мағынасыз әрі өзін-өзі құртатын шешімдер қабылданып жатқанын жұрт түсіне бастады», – деді есімін жасырған ықпалды кәсіпкер.
Оның сөзіне қарағанда, бұрын Путинді қорғап келген адамдар қазір одан теріс айналған және болашаққа деген үміт мүлдем үзілген.
Ел ішіндегі келіспеушіліктерге қарамастан, Мәскеудің Украинаға қатысты жоспары өзгермеген көрінеді. Еуропалық және украиналық барлау қызметтерінің ақпараты бойынша, Ресей билігі жыл соңына дейін Донбассты толық басып алуды көздеп отыр.
«Путин Донбасспен әбден әуестеніп алды, оны алмайынша тоқтамайды», – деді президентке жақын дереккөздердің бірі.
Ресей басшысы 9 мамырдағы Жеңіс парадында соғыс аяқталуға жақын деп мәлімдегенімен, оның айналасындағылар бұны ымыраға келу емес, әскери серпілістің жақындағанына сенім деп бағалайды. Украина барлау қызметінің өкілі ресейлік генералдар өз басшысын Донбасс биыл алынады деп сендіргенін алға тартты. Оның айтуынша, басшылыққа жеңіс жақын екенін растайтын қолдан жасалған жалған баяндамалар беріліп жатыр.
Еуропалық барлау қызметінің жоғары лауазымды өкілі президенттің шынайы жағдайды қаншалықты түсінетіні белгісіз екенін айтты. Бұл сөзді Кремльдегі талқылаулардан хабары бар адам да растады.
«Әрине, шенеуніктер мен әскерилер президентке бәрін керемет етіп көрсетеді, олар оған өтірік айтады, өйткені Путин құрған жүйе осылай жұмыс істейді», – деді Кремльдегі жағдаймен таныс адам.
Сонымен қатар Ресей басшысы Дональд Трамптың Киевке қысым жасап, аумақтарды беруге көндіре алатынына сенуден қалған. Трамп сайланған соң Донбасс мәселесін шешеді деген Мәскеудегі жалпы оптимизм сейілген. Қазіргі басты мақсат Донбассты алу болғанымен, егер Украина әлсірей бастаса, Мәскеу Днепрден өтіп, одан әрі шабуылдауы мүмкін екені де айтылады.
«Ол ұзақ мерзімді стратег емес, оның тәбеті тамақ ішкен сайын ашыла түседі», – деді президенттің жоспарымен таныс адам.
Қоғамдағы наразылық толқыны 2026 жылдың басында Кремль көптеген мессенджерлерге тыйым салған кезде күшейе түсті. Мәскеу орталығы мен өзге аймақтарда мобильді интернеттің үзілуі кәсіпорындарға бірнеше млрд көлемінде шығын әкелген. Бұл шектеулер элита арасында әзілге айналып, жұрт Ресейдің Солтүстік Кореяға жақындап қалғанын және Қытайдың интернетті бақылау жүйесіне қызғанышпен қарайтынын сөз ете бастаған.
Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков пен әкімшілік басшысының бірінші орынбасары Сергей Кириенко президентті қатаң шектеулерден бас тартуға үгіттегенімен, одан еш нәтиже шықпаған.
Белгілі журналист Ксения Собчактың пікірінше, интернет мәселесі қоғам үшін өте сезімтал тақырып болғандықтан үлкен наразылық тудырған.
«Бұл шешім қабылданып қойған деп ойлаймын», – деді Ксения Собчак батыстық әлеуметтік желілердің бұғатталуы уақыт еншісіндегі шаруа екенін ескертіп.
Сәуір айындағы сауалнамаларға сәйкес, Путинді қолдау рейтингі соғыс басталғалы бері ең төменгі деңгейге түсіп кеткен. «Эхо Москвы» радиостанциясының бұрынғы редакторы Алексей Венедиктов президенттің 1999 жылдан бері қоғамдық пікірге қатты мән беретінін еске салды. Элита мен халық арасында наразылық өскенімен, сарапшылар билікке төнетін нақты қауіп көшеден емес, жақын айналасынан шығуы мүмкін деп санайды.
Дегенмен бұрынғы қорғаныс министрі Сергей Шойгу тарапынан қауіп төнеді деген болжамдардың шындыққа жанасуы екіталай. Бұрынғы жоғары лауазымды шенеуніктің айтуынша, Шойгудың армияда беделі жоқ және ол ешқашан басшысына қарсы шықпайды. Ресейлік олигархтар да соғысқа іштей қарсы болғанымен, үнсіз қалуды жөн көрген.
«Бизнес элита орыс рулеткасын ойнап жүр, олар көршісі құлап, өздері аман қалатынына үміттенеді», – деді елден кеткен кәсіпкер Олег Тиньков.
Соңғы апталарда Ресей басшысы өзінің қауіпсіздігіне қатысты қауесеттерді жою үшін іссапарларын жиілеткен.
«Элита арасында жүйке жұқаруы мен белгісіздік бар екені рас, бірақ Путиннің билігіне қауіп төнді деуге әлі ерте, ол жағдайды толық бақылауда ұстап отыр», – деді Кремльге жақын дереккөз.
Айта кетейік, «Иран Вьетнамға, ал Украина Кореяға айналды» – сарапшы қақтығыстардың қалай аяқталатынын болжаған болатын.
Соңғы жаңалықтар