Ресейді паналаған қашқын миллиардердің Өскемендегі зауыты кімге берілетіні белгілі болды
Сырттай сотталған миллиардер Анатолий Балушкинге тиесілі болған Өскемендегі құрылысы аяқталмаған «Азия Авто - Бипэк Авто» зауыты Шығыс Қазақстан облысының әкімдігіне тегін беріліп жатыр, деп хабарлайды Politico.kz порталы Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Бұған дейін бұл нысан электрондық сауда порталында нөл теңгемен лотқа шығарылған болатын. Шығыс Қазақстан облысы бойынша мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің теңгерімінде тұрған зауыт қазір тәркіленген мүлікті беру рәсімі аясында әкімдіктің меншігіне өтуде.
Әкімдіктегілер бұл аумақты кәсіпкерлік пен өнеркәсіптің барлық түрін дамыту үшін пайдалануға мүдделі екенін жеткізді.
Құжаттарға сүйенсек, зауыт аумағындағы тауарлар мен материалдар шамамен 124 млн теңгеге бағаланған. Онда пимадан бастап су салқындатқыштар, картиналар мен радиаторларға дейін 37 мыңнан астам дүние-мүлік сақталған.
Еске салайық, 2021 жылы Қазақстанның ең бай адамдарының қатарында болған Анатолий Балушкинге іздеу жарияланды. Ал 2025 жылы ол аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны үшін сырттай 9 жылға сотталды. Онымен сыбайлас болған Ерік Сағымбаев та салықтан жалтарғаны үшін 8 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Тергеу мәліметінше, олар 2013-2020 жылдар аралығында «Азия Авто - Бипэк Авто» арқылы 66 млрд теңге несие алып, бұл қаражатты жымқырған. Қылмыскерлер мүлікті жасыру үшін жаңа компаниялар құрып, жұмысшыларға 3,9 млрд теңге көлемінде жалған сыйақы жазғанымен, бұл ақша қолға берілмеген.
Компания он жыл бойы салықтық жеңілдіктерді пайдаланып, өз міндеттемелерін орындаудан жалтарған. Олардың мемлекетке келтірген жалпы шығыны 173 млрд теңгені құрайды. Қазақстан тарапы оны жазасын өтеу үшін елге қайтаруға тырысқанымен, Ресейдің әділет министрлігі бұған рұқсат бермей қойды.
Соңғы жаңалықтар