Ресеймен шекара маңындағы ауылдардың тұрғындары арасындағы жанжал кісі өлімімен аяқталды
Құрманғазы ауданының Ресеймен шекара маңында орналасқан ауылдарында жаппай төбелес болып, бір адам қаза тапты, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Оқиға Атырау облысының Құрманғазы ауданына қарасты Сафон ауылында болған. Көрші Жаңауыл ауылынан шамамен 30 адам Сафонға келіп, тұрғындар арасындағы дауды шешуге тырысқан. Алайда бейбіт келіссөздер жанжалға ұласып, төбелес кезінде бір адам қайтыс болды.
Кей деректер бойынша, жанжал Жаңауыл ауылындағы барлардың бірінде басталған. Ауруханаға түрлі жарақаттармен бірнеше адам жеткізілді.
«Қазіргі уақытта барлық күдіктілер ұсталды. Сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде», – деп хабарлады Атырау облысы Полиция департаменті.
Сафон ауылы Ресейдің Астрахань қаласынан шамамен 90 шақырым, Атырау қаласынан 239 шақырым жерде орналасқан. Жанжалдың нақты себебі анықталып жатыр. Қауіпсіздік шаралары күшейтілген, арнайы тергеу тобы жұмыс істеуде.