Ақтауда еден жуушының шелегін тепкен мектеп басшысының әйелі жазаланды
Ақтауда мектептің еден жуушы қызметкерінің су толы шелегін теуіп, оны қорлаған әйелге 86 500 теңге айыппұл салынды. Сот оны ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп таныды, деп хабарлайды Politico.kz.
Ақтау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының баспасөз қызметі таратқан мәліметке қарағанда, оқиға қазан айында болған.
Сот анықтағандай, әйел Ақтаудағы 31Б шағынауданында орналасқан «Тұлпар» мектеп-лицейінің екінші қабатында еден жуып жүрген қызметкердің шелегін әдейі тепкен. Шелек аударылып қалған. Бұдан кейін ол қызметкерді қорлаған.
Сот отырысында әйел кінәсін мойындағанымен, балағат сөз айтпағанын жеткізді. Ол ашуға булығып, шелекті ғана тепкенін түсіндірген.
Алайда сот әйелдің кінәсі әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен, жәбірленушінің арызымен және іске тіркелген бейнежазбамен толық дәлелденді деп тапты.
Әйел Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабының 1-бөлігі бойынша жауапқа тартылды. Бұл бапта 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу, 20-дан 60 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тарту немесе 5-тен 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу жазасы қарастырылған.
Сот әйелдің кінәсін мойындағанын және асырауында кәмелетке толмаған балалары барын ескеріп, оған 86 500 теңге айыппұл салды.
Сот қаулысы әлі заңды күшіне енген жоқ.
Еске салайық, қараша айының басында әлеуметтік желіде жеке мектеп құрылтайшысының әйелі еден жуушының шелегін теуіп, аударып жіберген бейнежазба тараған еді. Бұл әрекет көпшіліктің наразылығын туғызған болатын.
Соңғы жаңалықтар