Павлодарда әйелді ұрып өлтіріп, мәйітін өртеп жіберген қаскөй сотталды

Павлодарда әйелді ұрып өлтіріп, мәйітін өртеп жіберген қаскөй сотталды
Фото: ЖИ көмегімен жасалған

Павлодар облысында әйелді өлтіріп, артынша қылмысын жасыру мақсатында марқұмның денесін өртеп жіберген ер адам 10 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Politico.kz.

Сот мәліметінше, қайғылы жағдай 2026 жылдың 17 сәуірінде Ақсу қаласының шеткері аймағында тіркелген. Кешкі сағат 18:00-дер шамасында айыпталушы мен жәбірленуші жылу құбырының маңында бас қосып, спирттік ішімдік ішкен.

Отырыс барысында әйел ер адамның дүниеден озған анасына тіл тигізіп, балағат сөздер айтқан. Соның салдарынан екеуі сөзге келіп қалған. Ашу-ызаға бой алдырған ер адам әйелді соққыға жығып, өміріне қауіпті ауыр дене жарақаттарын салған. Алған жарақаттары мен көп қан жоғалтудың салдарынан әйел сол жерде жан тапсырған.

Сот анықтағандай, жәбірленушінің көз жұмғанын көрген күдікті үйіне барып, дизель отынын алып келген. Қылмыс ізін жою үшін марқұмның киімдерін шешіп, мәйітке от қойған да, оқиға орнынан ізін суытқан.

Сот отырысының қорытындысы бойынша ер адам Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігіне («Адам өлтіру») сәйкес айыпты деп танылды.

«Айыпталушы жазасын орташа қауіпсіздік деңгейіндегі мекемеде өтеу шартымен 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұдан бөлек, жәбірленуші тараптың 5,5 миллион теңгеден асатын азаматтық талап-арызы қанағаттандырылды. Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ», – деп хабарлады соттан.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу