«Санжар, сіз қателесіп отырсыз»: Байділдинов Боқаевқа жауап берді

Астана мен Алматыда қоғамдық көлікпен жүру құнын 500 теңгеге дейін көтеруді ұсынған сарапшы Олжас Байділдинов бұл бастаманы сынаған белсенді Санжар Боқаевтың видеосына жауап қайтарды, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Санжар Боқаев өз видеосында Еуропа елдерін мысалға келтіріп, Польшада мектеп оқушылары, көпбалалы отбасылар мен зейнеткерлер қоғамдық көлікте тегін жүретінін айтты. Ол ресми деректерге сүйеніп, Алматыдағы автобус парктеріне жыл сайын 100 миллиард теңге субсидия бөлінетінін еске салды.
Боқаевтың есебінше, жылына шамамен 493 миллион сапар жасалатынын ескерсек, әр сапар үшін мемлекет 202 теңге жұмсайды. Оның сөзінше, бұл қаржы қоғамдық көлікті тегін етуге жеткілікті.
"Егер 100 миллиард теңгені 493 миллион сапарға бөлсек, әр сапар үшін мемлекет 202 теңге бөледі. Мемлекет барлық сапарларымызды субсидиялап, қоғамдық көлікті тегін ету үшін жеткілікті қаржы бөліп отыр", - деді Боқаев.
Алайда сарапшы Олжас Байділдинов белсендінің бұл есебімен келіспей, оған ашық жауап қайтарды. Ол Алматыдағы субсидия көлемі расымен 100 миллиард теңге екенін растағанымен, оған жолаушылар төлейтін 120 теңгені де қосу керектігін айтты.
«Санжар, сіз қателесіп отырсыз. Бейнежазбада Варшада оқушылар мен зейнеткерлер үшін қоғамдық көлікте тегін жүру мүмкіндігі бар екені мысал ретінде келтіріледі. Айта кетсек, дәл осындай жеңілдіктер Астанада да бар. Алайда, Варшадағы қоғамдық көліктің негізгі бағасы туралы айтылмайды. Онда қоғамдық көліктің негізгі бағасы 500 теңгеден басталады», - деді ол.
Сарапшы Польша астанасында 20 минуттық жол жүру құны 3,4 злотый немесе шамамен 500 теңге екенін, ал 75 минуттық сапар 648 теңгеге, 90 минуттық билет 1031 теңгеге тең екенін атап өтті.
«Әрине, жеңілдіктер мен арнайы билеттер бар. Бірақ негізгі баға мен айтқан сол 500 теңге. Тамаша, мысал үшін рахмет, енді оған сілтеме жасайтын боламын», - деп жазды сарапшы.
Байділдинов өзі айтқан бастаманың басты идеясы бағаны тек 500 теңгеге көтеру емес, қашықтыққа байланысты төлем енгізуді ұсынады. Яғни, "кім қанша жүреді, сол сонша төлейді".
«3-5 аялдама жүретін адам қаланың бір шетінен екінші шетіне дейін жүретін адаммен бірдей төлемеуі тиіс», - деп жазды сарапшы.
Мұндай жүйе Ыстамбұл мен Дубайда сәтті жұмыс істеп келеді. Мәселен, Ыстамбұлда метробуспен жүру құны 27–35 лира (346–448 теңге) аралығында болса, Дубай метросында баға 3,5 дирхамнан (513 теңге) 10 дирхамға (1465 теңге) дейін өзгереді.
Сарапшы «ол жақта жалақы жоғары» деген уәжге «сапалы қызмет лайықты бағасыз болмайды» деп жауап қатты.
Сондай-ақ Байділдинов елдегі көлік санының өсімін де мысалға келтірді. Оның дерегінше, 2022 жылдың соңында Қазақстанда 4,5 миллион көлік болса, 2025 жылдың қыркүйегінде бұл көрсеткіш 6,8 миллионға жеткен.
«Нашар қоғамдық көлік такси бағасын өсіреді, ал бұл өз кезегінде адамдарды жеке көлік сатып алуға итермелейді. Осылайша тұйық шеңбер пайда болады. Дамыған елдер мен қалалар автомобильдендіруге басымдық бермейді, олар қоғамдық көлікті дамытады. Мұндай қалаларда көлік сатып алу, оған иелік ету, тұрақтар - қымбат ләззат. Адамдардың жеке көліктен қоғамдық көлікке көңіл бөлуі үшін сапа болуы керек, ал ол нарықтық бәсекелестіксіз және лайықты бағасыз мүмкін емес», - деп жазды Олжас Байділдинов.
Соңғы жаңалықтар





