«Сапарбаевтар кланы»: Қазақстанда әкімдік отбасылық құрылымға айналып бара ма?

«Сапарбаевтар кланы»: Қазақстанда әкімдік отбасылық құрылымға айналып бара ма?
13.06.2025 12:25
0
1379
© Sputnik / Владислав Воднев
Қазақстандағы саяси кландар және мемлекеттік қызмет

«Сапарбаевтар кланы»: Қазақстанда әкімдік отбасылық құрылымға айналып бара ма?

Қазақстанда мемлекеттік қызметте өсу мен саяси элитаның қалыптасуы туыстық байланыстармен тығыз байланысты деген пікір жиі айтылады. Бұл сөздің жаны бар ма? Осы сұраққа жауап іздеп, ел ішінде «Сапарбаевтар кланы» деген атаумен танылған әулеттің мемлекеттік қызметтегі мансап жолын зерттеп көрдік.

Кланның басында Бердібек Сапарбаев тұрды

2023 жылы өмірден озған Бердібек Сапарбаев ұзақ жылдар бойы еліміздің түрлі жоғары лауазымдарында қызмет атқарды. Халық арасында ол Сапарбаевтар кланының басында тұрғаны жайлы пікір қалыптасқан. Қазір оның інісі Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда облысының әкімі, ал інісінің баласы Әзімбек Пазылбекұлы Түркістан қаласының әкімі. Бұл тағайындаулар кездейсоқ па, әлде белгілі бір ықпалдың нәтижесі ме?
Ашық дереккөздерді талдау барысында Б. Сапарбаевтың туыстары бұл арасында ресми байланыс жоқ екені анықталды. Нұрлыбек Нәлібаев 2005 жылы мемлекеттік қызметке келген кезде Бердібек Сапарбаев Қаржы вице-министрі болған. Оның бірден Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары лауазымына тағайындалуы сол кезеңдегі кең таралған «бизнестен – билікке» ауысу тәжірибесінің көрінісі болуы мүмкін.
Әзімбек Пазылбекұлының мансап жолының басталуы да назар аударарлық. 2013 жылы Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда қаласының әкімі қызметіне келгеннен кейін қалалық ішкі саясат бөлімінде жетекші маман болып мемлекеттік қызметке кірген. Бір жылдың ішінде бөлімнің бас маманы, кейін әкім аппаратының бас инспекторы лауазымдарына көтерілген. Бұл өсу қарқыны кездейсоқ сәйкестік пе, жоқ па нақты айту қиын. Алайда кейінгі жылдары олардың қызметтік жолдары бөлек бағытта дамыған.

Қазақстандағы саяси әулеттер қауіп пе? 

Батыста «саяси клан» бейресми ықпал ету тобы ретінде сипатталады. Ал Қазақстанда оған жақын ұғым «саяси әулет». Бұл ұғым ұлттық дәстүрмен сабақтасып, үлкеннің кейінгілерге жол көрсетуі ретінде көрініс беретін отбасы ішіндегі қалыптасқан норма. Бірақ бұл мәдени норма саясатқа енсе, мемлекеттік қызмет отбасылық сипатқа айналып меритократиядан алыстайды. 
Әлемде саяси әулеттердің болуы қалыпты құбылыс. Мысалы, АҚШ-та Клинтондар мен Буштар, Сингапурда Ли Куан Ю әулеті танымал. Алайда мұндай елдерде саяси жүйе тұрақты, заң үстемдігі мен билік тармақтарының теңгерімі қамтамасыз етілген. Мемлекеттік қызметте мансап бәсекелестік негізінде өседі, ал саясаткерлердің өкілеттігі шектеліп отырады.
Демократия қалыптасу кезеңіндегі елдерде бұл құбылыс өзгеше сипат алады. Мұнда саяси кландар билік ресурстарын ұзақ уақыт иеленіп, басқару жүйесін тұйық құрылымға айналдырады. Кәсібилік екінші орынға ысырылып, тең мүмкіндіктер бұзылады. Нәтижесінде кәсіби бәсеке жойылып, билік тар ортада шоғырланады. Бұл қоғамның дамуын тежеп мемлекетке сенімді азайтады.

Конституциялық реформа жүйелік өзгерістерге жол ашты

2022 жылы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асқан Конституциялық реформа осы мәселелерді жүйелі түрде шешуге бағытталды. Президент өз өкілеттігін шектеу арқылы билік тармақтарының тепе-теңдігін күшейтіп, өзінің жақын туыстарының мемлекеттік қызмет пен квазимемлекеттік секторда жұмыс істеуіне заңмен тыйым салды. Бұл саяси әулеттенуге және кландық ықпалға қарсы нақты қадам болды. 

Реформаны барлық деңгейге кеңейту қажет

Алайда бұл өзгерістер тек президент институтымен шектелмей, өзге де билік тармақтарына, жергілікті атқарушы органдар мен өзін-өзі басқару құрылымдарына да таралуы тиіс. Тек жоғары деңгейде ғана әділдік орнап, жергілікті жерде сол баяғы туыстық принциптермен кадр іріктеу жалғаса берсе, реформаның тиімділігі шектеулі болады.
Сапарбаевтар әулеті Қазақстандағы саяси элитаның қалыптасуындағы кең таралған үрдістің бір мысалы ғана. Бұл кейс билік құрылымындағы жүйелік кемшіліктерге назар аударуға көмектеседі. Саяси әулеттенуден арылу жеке адамдарға қарсы әрекет емес. Президент бастамасымен жасалған алғашқы қадамдарды барлық деңгейде жалғастыру ел болашағы үшін шешуші мәнге ие.

Саясаттанушы Қыр баласы 2.0

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий