Сасыған, шыбындар қаптаған: Астанада дүкендер мен дәмханаларға қауіпті ет жеткізіліп отырған
Астанада полицейлер жеке тұрғын үйде заңсыз жұмыс істеген ет өңдеу цехын анықтап, дүкендер мен дәмханаларға жеткізілмек болған үш тоннадан астам күмәнді еттің жолын кесті, деп хабарлайды Politico.kz.
Астана қаласындағы жеке үйлердің бірінде рұқсат құжаттарынсыз жұмыс істеген заңсыз ет өңдеу цехы анықталды.
"Өнім санитариялық талаптар өрескел бұзыла отырып өндіріліп, сақталған. Еттің бір бөлігінен өткір сасық иіс шығып, шыбын-шіркей қаптаған, бұл оның тұтынуға жарамсыз екенін көрсетеді", – деп хабарлады Астана қалалық полиция департаменті.
Полицияның мәліметінше, мұнда дайындалған өнімдер елордадағы жеке дүкендер мен дәмханаларға жеткізіліп отырған. Тексеру барысында шығу тегі мен сапасы белгісіз үш тоннадан астам ет тәркіленді.
Құқық қорғау органдары өнімнің санитарлық талаптар өрескел бұзылған жағдайда өндіріліп, сақталғанын анықтады.
Ғимаратта қажетті температуралық режим сақталмаған, ет антисанитариялық жағдайда жатқан. Өнімнің бір бөлігінен өткір сасық иіс шығып, шыбын-шіркей қаптаған, яғни тұтынуға жарамсыз екені анық байқалған.
Тексеру қорытындысы бойынша анықталған барлық ет өнімі жойылды. Полицияның хабарлауынша, дер кезінде жүргізілген шаралардың арқасында қауіпті өнімдер сауда орындарына түсіп, тұрғындардың дастарханына жетпей тоқтатылды.
Заңсыз өндірісті ұйымдастырған азаматтар жауапқа тартылды.
Соңғы жаңалықтар