«Сен 25 жасыңда жесір қалдың»: Нұрғали Нүсіпжанов ерекше жазба жариялады

29.06.2026 15:51 Мөлдір ҚАЙНАР
«Сен 25 жасыңда жесір қалдың»: Нұрғали Нүсіпжанов ерекше жазба жариялады
72
Фото: aqmeshit-zhastary.kz

Қазақстанның Халық әртісі, аңыз әнші Нұрғали Нүсіпжанов театр және кино актрисасы Гүлжамал Қазақбаеваны Халық әртісі атағын алуымен құттықтап, әлеуметтік желідегі парақшасында жүрекжарды жазба жариялады, деп хабарлайды Politico.kz.

Өнер майталманы өз құттықтауында актрисаның қазақ мәдениетіне қосқан өлшеусіз үлесін ерекше атап өтіп, оның өнердің биік шыңына тек адал еңбегімен жеткенін жеткізді.

«Халық әртісі атағың қайырлы, құтты болғай, қарындасым! «Бұтақ иілсе, әлсіз екен деме, жемісінің көптігінен иіледі. Адам иілсе, маған мұқтаж екен деме, тек сені құрметтегендіктен иіледі», – деген екен Мөңке би бабамыз… Өнердегі 70 жылымда менің амандығымды, ел-жұрт алдындағы абыройымды Алладан жүрекпен тілеген бір жан болса, ол – театр және кино актрисасы Гүлжамал Қазақбаева, дер едім… Кино әлеміне де, мәртебелі театр өнеріне де аяусыз тер төгіп келе жатқан аяулы жанды төбеме көтеріп қалай мақтасам да, қалай мақтансам да қақым бар…», – деп ағынан жарылды әнші.

Сонымен қатар Нұрғали Нүсіпжанов актрисаның өмірде көрген қиындықтары мен тағдыр тәлкегіне тоқталып, өткен күндерді күрсіне еске алды.

«Әділдік салтанат құрып, Халық әртісі атағын алғаныңа шын қуандым, қалқам. Табан ақы, маңдай теріңмен, адал еңбегіңмен өнердің өрін бағындырғаныңа жан-жүрегіммен қуандым, қарғам… Мемлекеттік ең жоғарғы марапатың қайырлы, құтты болсын, қарындасым! Сен 25 жасыңда жан жарыңнан айырылып, ұрпағыңа жетімдік көрсетпей жетілдірдің, жарығым. Көз жасың аз төгілген жоқ. Сол кезде қамқорлық көрсете алмағаныма қабырғам қайысады», – деп жазды ол өзінің әсерлі хатында.

Аңыз әнші сөзінің соңында актрисамен туған жері Жетісу өңірі арқылы тығыз байланыста екенін және олардың бала кезден таныс екенін тілге тиек етті. Ол Гүлжамал Қазақбаеваның тағдырында ауыр кезеңдердің көп болғанына қарамастан, ешқашан өнерден қол үзбей, сахнаға деген адалдығын сақтап қалғанын мақтанышпен жеткізді.

Войдите, чтобы оставить комментарий