«Шешем зорланған»: Дана Нұржігітке сұхбат берген коуч сұмдық жайтты айтты
Коуч Руслан журналист Дана Нұржігітке берген сұхбатында бала күнінен бері іште сақтаған отбасылық құпиясы мен анасының тағдыры туралы ашық айтты, деп хабарлайды Politico.kz.
Ол бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында да жазып, жантүршігерлік оқиғаның анасының бүкіл өміріне қалай әсер еткенін жеткізді.
«Менің шешем зорланған. Әкем алып қашты. Оның анамның өміріне қалай әсер еткенін көрдім. Мен бұл туралы 40 жасқа келгенде білдім, білген күннің өзінде аса түсіне қоймадым. 70 жасқа келгенде жатыр обырына шалдығып анам қайтыс болып кетті. Сыртқа шыға алмайтын, үнемі үрейде жүрді. Бұл жағдай өміріне қатты әсер етті», – деді ол.
Сонымен қатар коуч әйел мен еркек арасындағы алғашқы жақындықтың маңызы мен оның психологиялық салдары туралы ой қозғады. Оның айтуынша, әйелдің еркекпен алғашқы жыныстық тәжірибесі зорлықпен немесе қорқынышпен өтсе, бұл сенімсіздік пен үрейге алып келеді.
«Әйелдің еркекпен алғашқы жыныстық тәжірибесі оның жан дүниесінде терең із қалдыруы мүмкін. Егер бұл тәжірибе зорлықпен, қысыммен немесе қорқынышпен өтсе, сол сәтте пайда болған сезімдер кейінгі өмірде де әсерін жалғастыруы ықтимал. Кейбір әйелдер үшін бұл ер адамға сенімсіздік, өзін қауіпсіз сезіне алмау, жақындықтан қорқу, өзін кінәлау және қарым-қатынаста қайта-қайта бірдей жағдайды қайталау түрінде көрінуі мүмкін. Бірақ бұл өмір бойына өзгермейтін тағдыр емес. Жараның бар екенін мойындау – әлсіздік емес, сауығудың бастауы. Өткен оқиғаны өзгерте алмаймыз. Бірақ оның бүгінгі өмірімізге әсерін өзгерте аламыз. Менің тәжірибемде ең үлкен өзгеріс адам өткенін кінәлауды тоқтатып, өз өміріне жауапкершілік алған сәттен басталады», – деп жазды коуч.
Соңғы жаңалықтар