Шикізат өзіміздікі, өңдеу өзгеде: Қазақстан мыс концентратын экспорттаудан қанша жоғалтып отыр?

05.10.2026 • 17:35 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Шикізат өзіміздікі, өңдеу өзгеде: Қазақстан мыс концентратын экспорттаудан қанша жоғалтып отыр?
85
Фото: Bloomberg

Қазақстан мыс концентратын экспорттағанда, оны әрі қарай өңдеп, қосымша өнім шығару мүмкіндігінің бір бөлігін де шетелге береді. Экономист Юрий Масанов Facebook-тегі жазбасында осы мәселені талдап, ел ішінде терең өңдеуді дамытудың ықтимал нәтижесін есептеді, деп хабарлайды Politico.kz.

Ол бұл тақырыпты Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Германияға сапарымен байланыстырды. Сапарда өнеркәсіптік ынтымақтастық, өндірісті Қазақстанда орналастыру, технологиялар мен жаңа инвестициялар талқыланған. Aurubis компаниясымен кездесуде күрделі мыс шикізатын өңдеу, құрамындағы басқа металдарды бөліп алу және қайталама ресурстарды пайдалану мәселелері көтерілген.

«Әзірге әңгіме ынтымақтастықтың болашағы туралы болып отыр. Бірақ қазірдің өзінде өзімізге маңызды сұрақ қоя аламыз: Қазақстанда мыс қоры мол болса, неліктен оны өңдеудің келесі кезеңінің едәуір бөлігін әлі де басқа елдерге қалдырып отырмыз?» – деп жазды Масанов.

Экономист алдымен экспорт көрсеткіштеріне тоқталды.

«Былтыр шамамен 79 млрд доллардың тауарын экспорттадық. Ең ірі экспорттық тауарлардың арасында мысқа қатысты бірден екі санат бар: тазартылған мыс пен мыс қорытпалары – шамамен 4,1 млрд доллар, яғни экспорттың 5,2 пайызы. Мыс кендері мен концентраттары – шамамен 2,8 млрд доллар немесе 3,6 пайыз. Осы екі санат елге жалпы алғанда 7 млрд долларға жуық экспорттық түсім әкелген».

Масанов мұны Қазақстанның импортындағы ірі тауарлармен салыстырды: ел шетелден автомобильдер, телефондар, автокөлік бөлшектері мен дәрі-дәрмек сатып алады.

«Біз көп көлемде шикізат пен бастапқы өңдеуден өткен өнімдерді сатамыз, ал күрделірек дайын тауарларды сатып аламыз. Әрине, бұл – өте жалпылама салыстыру. Ертеңнен бастап Қазақстан мысынан смартфоннан бастап автомобильге дейін бәрін өндіруді ұсыну қисынсыз болар еді. Бірақ өндіріс тізбегінің қандай бөлігін өз елімізде қалдыра аламыз деген сұрақ бар».

Оның түсіндіруінше, катодты мыс экспортталса, металлургиялық өңдеудің едәуір бөлігі Қазақстанда жасалған болады. Ал концентрат сатылғанда, балқыту, тазарту, құрамындағы басқа компоненттерді бөліп алу және қосымша өнім шығару кезеңдері шетелге өтеді.

«Балқыту зауыты Қазақстанда жұмыс істемейді. Металдар сол жақта бөлініп алынады, өнеркәсіптік инфрақұрылым пайдаланылады, мамандар жұмыс істейді, қосымша өнім өндіріледі. Шикізат біздікі, ал келесі өңдеу кезеңі мен сол кезде жасалатын қосылған құн басқа экономикада қалады».

Масановтың келтірген дерегінше, 2025 жылы Қазақстан 2,8 млрд долларға шамамен 1,4 млн тонна мыс кені мен концентратын экспорттаған. Бір тоннасына орта есеппен 2 мың доллардан келеді. Алайда бұл көлемді таза мыстың салмағымен шатастыруға болмайды.

«Менің түсінуімше, Қазақстан жыл сайын концентрат құрамында шамамен 750–800 мың тонна мыс алады. Оның 470 мың тоннаға жуығы ел ішінде катодты мысқа дейін өңделеді. Қалған 280–330 мың тоннасы экспортқа кететін концентраттың құрамында болады. Демек, шетелге сатылатын шикізатта шамамен 300 мың тонна мыс бар».

Экономист концентраттағы металдар сатып алушыға тегін берілмейтінін арнайы атап өтті. Оның бағасы төлемге есептелетін мыстың құнына, ал құрамы мен келісімшарт талаптарына қарай алтын мен күмістің құнына да байланысты қалыптасады.

«Бірақ сатып алушы металдардың толық құнын төлемейді. Есептен технологиялық шығындар, логистика, кейде қажетсіз қоспалар үшін айыппұлдар шегеріледі. Сондықтан өңделген металдардың құнынан қазіргі экспорттық түсімді алып тастап, айырмасын “Қазақстанның шығыны” деп атау дұрыс емес».

Масанов есепке үлгі ретінде Балқаштағы жаңа мыс балқыту жобасын алған. Оның жазуынша, Үкімет көрсеткен жобалық қуат жылына 300 мың тонна катодты мыс, 10 тонна алтын, 300 тонна күміс және 1,5 млн тоннадан астам күкірт қышқылын өндіруге мүмкіндік береді. Инвестиция көлемі 750 млрд теңгеге бағаланған.

«Зауыттың мыс бойынша қуаты қазір Қазақстан экспорттайтын концентраттың құрамындағы болжамды мыс көлемімен шамалас. Осындай кәсіпорынның көрсеткіштерін үлгілік сценарий ретінде алсақ, қазіргі экспорттық шикізатты әрі қарай өңдегенде қандай өнім алуға болатыны түсініктірек болады».

Ол ықтимал өнімнің құнын былай есептеген:

«Катодты мыс – шамамен 300 мың тонна. Тоннасын есеп үшін 14,5 мың доллардан алсақ, құны 4,35 млрд долларға жуықтайды.

Алтын – шамамен 10 тонна, құны 1,35 млрд доллар. Бұл концентраттың әр тоннасына шамамен 7 грамм алтыннан келеді. Есепте алтынның тоннасы 135 млн доллар деп алынған.

Күміс – 300 тоннаға дейін, құны шамамен 600 млн доллар. Концентраттың тоннасына шамамен 214 грамнан келеді, ал күмістің есептік бағасы – тоннасына 2 млн доллар.

Күкірт қышқылы – 1,5 млн тоннадан астам. Тоннасын шартты түрде 100 доллардан есептесек, шамамен 150 млн доллар болады. Айтпақшы, Қазақстан күкірт қышқылының шамамен 21 пайызын, яғни 624 мың тоннасын импорттайды. Оның ел ішіндегі негізгі тұтынушысы – уран саласы».

Масанов бұл есептің әртүрлі дереккөзден жиналған шамамен алынған көрсеткіштерге сүйенетінін ескертті.

«Нақты нәтиже концентраттың құрамына, ондағы алтын мен күмістің мөлшеріне, өңдеу технологиясына және нарықтағы бағаларға байланысты. Қазір шамамен 2,8 млрд доллар әкелетін 1,4 млн тонна мыс кені мен концентраты терең өңдеуден кейін жылына құны 6,45 млрд долларға дейінгі өнімге айналуы мүмкін.

Бірақ айырмасы Қазақстанның тікелей шығыны деген сөз емес. 6,45 млрд доллар – пайда емес, күрделі және күнделікті өндірістік шығындар шегерілмеген өнім құны. Бұған зауытқа салынатын инвестиция, электр энергиясы, реагенттер, жабдықтар, жөндеу, экологиялық шығындар, қызметкерлер мен логистика кіреді».

Экономистің айтуынша, Қазақстанға қазір мыс балқыту қуаты жетіспейді. Жаңа зауыттарға миллиардтаған инвестиция, инфрақұрылым, электр энергиясы, технология және бірнеше жыл құрылыс қажет.

«Балқаштағы жаңа жобаға салынатын жеке инвестицияның өзі 750 млрд теңгеге бағаланған. Оны іске қосу 2030 жылға жоспарланған. Сонымен қатар елде жылына шамамен 300 мың тонна катодты мыс өндіретін тағы бір ірі жоба жоспарланып отыр. Яғни Қазақстан өңдеудің келесі кезеңінің әлдеқайда үлкен бөлігін ел ішінде қалдыруға мүмкіндік беретін қуаттарды біртіндеп құрып жатыр».

Алайда Масанов зауыт салумен ғана шектелуге болмайтынын айтты. Жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар жаңарып, кеңеюі, ал жаңа жобалар көпмиллиардтық инвестиция тартып, оны өтеуі үшін өңдеу саласының экономикалық жағдайы тұрақты әрі болжамды болуы керек.

«Бұл қазір келіссөз жүргізіліп жатқан ықтимал инвесторлар үшін де маңызды. Қазақстан шикізаты бар екенін ғана емес, осында ірі әрі тұрақты өңдеу базасын құруға болатынын көрсетуі қажет.

Өндіру мен өңдеуді бір-біріне қарсы қоюға болмайды. Мықты тау-кен компанияларынсыз шикізат, жаңа кен орындары мен концентрат болмайды. Бірақ заманауи металлургиясыз келесі өңдеу кезеңі мен онда жасалатын құн басқа елдерге кете береді».

Ол мәселенің шешімі экспортты жай ғана тыйып тастау емес екенін атап өтті.

«Жаңа кен орындарын іздеу, өндірісті ұлғайту және Қазақстан ішінде өңдеуге инвестиция салу қатар тиімді болатын жағдай жасау керек.

Катодты мыс та өндіріс тізбегінің соңы емес. Одан кейін мыс шыбығы, сым, кабель, фольга, қорытпалар, электротехникалық өнімдер және ондаған басқа өндіріс бар. Қазір Қазақстанда мұндай өнімдердің үлесі өте аз. Сондықтан басты сұрақ – Қазақстан өз мысының айналасында қаншалықты үлкен экономика құра алады?

Шикізаттың айналасында металлургияны, қызмет көрсететін кәсіпорындарды, инженерлік білім мен дағдыларды және келесі өндіріс кезеңдерін біртіндеп дамыту маңызды. Сонда ел үшін экономикалық нәтиженің сапасы мүлде өзгереді», – деп түйіндеді Масанов.

Войдите, чтобы оставить комментарий