«Шоколад үшін басымнан ұрды»: Меркідегі жас келіншектің өлімі әлеуметтік желіде талқылануда
Жамбыл облысының Меркі ауданында жас келіншек қайтыс болды, деп хабарлайды Politico.kz.
Марқұмның артында небәрі 8 айлық сәбиі қалған. Қайғылы жағдайға байланысты оның жақындары әлеуметтік желіде марқұмның өмірінің соңғы кезеңіне қатысты хат алмасуларды жариялап, істің жан-жақты тексерілуін талап етіп отыр.
Жарияланған скриншоттарда келіншектің құрбысымен жазысқан хабарламалары бар. Хаттарда марқұм күйеуімен арадағы жанжалдар кезінде оған күш көрсетілгенін айтқан.
Марқұмның жазбасында ерлі-зайыптылардың жанжалының біріне қатысты мәліметтер келтірілген. Оның айтуынша, жанжал тұрмыстық мәселеге байланысты басталған. Кейін күйеуі оның артынан барып, басынан ұрғанын жазған.
Марқұмның құрбысы әлеуметтік желідегі жазбаларында осы хаттарды жариялап, құрбысының өліміне қатысты шындықтың анықталуын сұрады. Жақындары да оның өлімінің мән-жайына күмән келтіріп, істі мұқият тексеру қажет деп санайды.
Қазіргі уақытта әлеуметтік желіде тараған ақпараттағы жайттардың қаншалықты рас екені және келіншектің өліміне не себеп болғаны ресми түрде анықталуы тиіс. Оқиғаның нақты мән-жайын құзырлы органдардың тергеуі көрсетуі мүмкін.
Соңғы жаңалықтар