Шотында 50 млн ақша, гаражында 2 джип болса, тоқал алуына рұқсат беру керек – журналист
Белгілі журналист Ербол Мәндібек қоғамда жиі талқыға түсетін көп әйел алу тақырыбына қатысты өз пікірін білдірді, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Айтуынша, бұл тақырып қоғамда ұзақ уақыттан бері дауға айналып, отбасылық қатынастарға кері әсерін тигізіп отыр. Сондықтан, мәселені ашық түрде талқылап, тіпті референдум арқылы шешу қажет екенін атап өтті.
«Қазақ қоғамының қотырына айналған бұл тақырыпты бір жағына шығару қажет. Әйтпесе, талай отбасының ойраны шығуы мүмкін. Сондықтан соза бермей, халықтың пікірін ескеріп, дауысқа салған дұрыс», – деп жазды Ербол Мәндібек.
Ол бір келіншектің әңгімесін мысалға келтірген. Келіншек күйеуінің тоқал алуға ниеті бар екенін айтып, бұл мәселені заңмен реттеу қажеттігін жеткізген.
«Күйеуімнің жағдайы жақсы, бәрі жеткілікті. Бірақ соңғы уақытта қасынан қыз-келіншек арылмайтын болды. Мен оларға қарсы тұрып шаршадым. Сол себепті, заңды түрде екінші әйел алсын дедім. Ең бастысы – бәрі ашық әрі әділ болсын», – деген келіншектің сөзін келтірді журналист.
Мәндібек көп әйел алу тақырыбын заң аясында реттеу керек екенін айтып, нақты ұсыныстар да білдірді.
«Егер ер адам тоқал алғысы келсе, алдымен оның материалдық жағдайы толық қамтамасыз етілуі тиіс. Мысалы, шотында кемінде 50 миллион теңге, қорасында мал басы жеткілікті, екі көлігі болуы шарт. Ал айлығына қарап өмір сүріп жүрген еркектердің бұл тақырыпты қозғауына заңмен тыйым салынсын. Қажет болса, айыппұл да салу керек», – деп жазды ол.
Журналист бұл мәселені қоғамда қызу талқыланып жүрген өзекті тақырыптардың бірі ретінде атап, оны заңдық тұрғыда реттеудің уақыты келгенін айтты.
Соңғы жаңалықтар