ШҚО-да полицей канализация құдығында ес-түссіз қалған екі жұмысшыны құтқарып қалды

20.08.2026 23:30 Қанат Айбар
ШҚО-да полицей канализация құдығында ес-түссіз қалған екі жұмысшыны құтқарып қалды
181
Ашық дереккөздерден

Шығыс Қазақстан облысында полиция қызметкері батыл әрекет етіп, канализация құдығына түсіп, есінен танған екі жұмысшыны ажалдан аман алып қалды, деп хабарлайды Politico.kz.

Оқиға Ұлан ауданының Қасым Қайсенов кентінде, №11 үйдің жанында орын алған. Сағат 14:30 шамасында «Молодежный» КМК-ның 1985 жылы туған екі қызметкері канализация құбырларын тазалау жұмыстарын жүргізеді. Жұмыс барысында коммуналдық қызметкерлердің бірі құдыққа түскен бойда есінен танып қалады. Оған көмекке ұмтылған екінші жұмысшы да артынан түсіп, ол да ес-түссіз құлайды.

Құдық айналасына жиналған куәгерлердің дабылын Ұлан аудандық полициясының криминалисі, полиция капитаны Әсет Нағашбаев байқап қалады. ШҚО Полиция департаментінің мәліметінше, ол жағдайды бірден учаскелік полицей Нұрдаулет Тетеповке хабарлаған.

Оқиға орнына жедел жеткен Нұрдаулет Тетепов тұрғындардан арқан сұрап алып, өзін бекіткен бойда қауіпті құдыққа түседі. Тәртіп сақшысы алдымен бір жұмысшыны, кейін екіншісін жер бетіне алып шығады. Құтқарылған азаматтар дереу жеткен жедел жәрдем бригадасына тапсырылды.

Войдите, чтобы оставить комментарий