Жемқорлық дауы: Моңғолия президенті отставкаға кететінін мәлімдеді
Моңғолия президенті Ухнаагийн Хурэлсух жемқорлыққа қатысты тағылған айыптардан кейін қызметінен кететінін ресми түрде жариялады, деп хабарлайды Politico.kz.
Associated Press мәліметінше, Ухнаагийн Хурэлсух бұл шешімін 17 қараша күні оппозициялық Демократиялық партия тарапынан күшейген қысым аясында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеген. Бір күн бұрын оппозиция өкілдері мемлекеттік теміржол жобасын іске асыру кезіндегі қаржылық заңбұзушылықтарға мемлекет басшысының қатысы болуы мүмкін екенін алға тартып, тергеу жүргізуді және президенттің отставкаға кетуін талап еткен болатын.
Брифинг барысында Хурэлсух тергеуге жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін айтып, заң алдында барлық азаматтың теңдігі қағидатын сақтау қажеттігімен келісті.
«Өздеріңіз білетіндей, соңғы бір ай ішінде кейбір қылмыстық топтар Моңғолия президентінің абыройы мен институтына бейберекет шабуыл жасап, беделіне нұқсан келтіруде. Маған ақылға сыймайтын әрі аса ауыр қылмысқа байланысты жала жауып, қорлады. Біраз уақыт үнсіз қалып, жағдайды бақыладым. Алайда жауапты қызметте отырған адам ретінде бүгін осындай мәлімдеме жасауды ұйғардым. Заң алдында бәрі тең. Кеше Демократиялық партия тобы Моңғолия президенті отставкаға кетіп, тергеу жүргізілуі тиіс деген ұстаным білдірді. Мен мұнымен келісемін», – деді ол.
Қазіргі саяси дағдарыс Моңғолиядағы ірі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру кезіндегі қаржылық заңбұзушылық айыптарымен байланысты. Демократиялық партия мемлекеттік келісімшарттарды тексеруді және оларға қатысты құжаттарды жария етуді талап етуде.
Моңғолия Конституциясына сәйкес, президент отставкаға кеткен жағдайда оның өкілеттігін тоқтату туралы шешімді парламент қабылдайды. Жаңа мемлекет басшысы сайланғанға дейін оның міндетін парламент спикері атқарады, ал кезектен тыс президент сайлауы төрт ай ішінде өтуі тиіс. Әзірге президенттің қызметтен нақты кететін күні мен алдағы рәсімдер мерзімі жарияланған жоқ.
Ухнаагийн Хурэлсух кім?
Ол 1968 жылы 14 маусымда Ұлан-Батырда дүниеге келген. Моңғолия Әскери университетін, Мемлекеттік басқару және менеджментті дамыту институтын және Моңғолия мемлекеттік университетін тәмамдаған. Саяси мансабында парламент депутаты, вице-премьер және премьер-министр қызметтерін атқарған.
Ухнаагийн Хурэлсух Моңғолия президенті қызметіне 2021 жылғы 25 маусымда кіріскен. Бұған дейін елдің премьер-министрі, вице-премьері және парламент депутаты болған. 2021 жылғы президент сайлауында жеңіске жеткен.
Моңғолия Конституциясына сәйкес, президент отставкаға кеткен жағдайда оның өкілеттігін тоқтату туралы шешімді парламент қабылдайды. Жаңа мемлекет басшысы сайланғанға дейін президент міндетін парламент спикері атқарады. Ал кезектен тыс президент сайлауы төрт ай ішінде өткізілуі тиіс.
Әзірге Хурэлсухтің өкілеттігін тоқтатудың нақты мерзімі мен отставканы рәсімдеу тәртібі жарияланған жоқ.
Айта кетейік, 2026 жылдың сәуір айында ол Тоқаевтың шақыруымен Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген еді.
Соңғы жаңалықтар