Шымкентте кәріз құдығына түскен екі жұмысшы қаза тапты: оқиға туралы не белгілі?

08.10.2026 • 11:18 Мөлдір ҚАЙНАР
Шымкентте кәріз құдығына түскен екі жұмысшы қаза тапты: оқиға туралы не белгілі?
137
Фото: ЖИ көмегімен жасалды

Шымкент қаласының орталығында су құбырын ауыстыру кезінде екі жас жұмысшы қаза тапты, тағы бір азамат аман қалды, деп хабарлайды Politico.kz.

Полицияның алдын ала болжамынша, олардың өліміне құдықтың ішінде жиналып қалған газ себеп болуы мүмкін.

Қайғылы оқиға 7 қазан күні күндіз болған. Жекеменшік компанияның 20–22 жас аралығындағы үш жұмысшысы құбыр ауыстыру үшін терең құдыққа түскен. Біраз уақыттан кейін олардың қимылсыз қалғанын байқаған әріптестері төменге түсіп, көмекке ұмтылған.

Оларды жоғарыға шығарғанымен, екі азамат сол жерде жан тәсілім еткені белгілі болды. Ал аман қалған үшінші жұмысшыға дәрігерлер медициналық көмек көрсетіп, үйіне жіберді.

Оқиға куәгерлері қайғылы жағдайдан соң аймаққа шұғыл қызметтер мен тәртіп сақшылары келгенін жеткізді.

«Ол жерде қазылған шұңқыр болатын, жұмысшылар құбыр тартып жатқан. Кейін прокурорлар мен полиция келді. Жұрт жиналып, екі адамның қайтыс болғанын, біреуінің аман қалғанын айтты. Мәйіттерді алып шықты. Газдан уланып қалған көрінеді» деді жергілікті тұрғын.

Шымкент қалалық полиция департаменті оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары басталғанын мәлімдеді.

«Құбыр төсеу кезінде жұмысшылардың қаза табуы фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Алдын ала дерекке сай, олар құдық ішіндегі газдан уланған» деп хабарлады ведомство.

Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары оқиғаның мән-жайын, жұмыс барысында қауіпсіздік техникасы талаптарының сақталуына кім жауапты болғанын анықтап жатыр. Жұмысшылардың нақты неден көз жұмғаны сараптама нәтижесінен кейін белгілі болады.

Войдите, чтобы оставить комментарий