Шымкенттегі дендросаябақ жанында жасөспірімдер пышақтасты
Шымкенттегі қалалық дендросаябақ кіреберісінде жасөспірімдер бір-бірін пышақтап тастады, деп хабарлайды Politico.kz.
Оқиға 17 тамыз күні болған. Бұл туралы ақпарат әлеуметтік желілерде таралды. Желідегі мәліметтерге сүйенсек, төбелес касса жанындағы фудтрагта жұмыс істейтін балалар арасында шыққан. Сол сәтте қастарында ересек адамдар болмаған. Жасөспірімдердің бірі екіншісінің аяғына пышақ сұғып алған.
Таралған кадрлардан қанға боялып жатқан баланы көруге болады. Жанындағы адамдар оған су беріп, алғашқы көмек көрсетіп жатыр.
Шымкент қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі бұл жағдайға қатысты түсініктеме берді.
«Дене жарақатын келтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаға қатысушылар анықталды. Жарақат алған жасөспірім ауруханаға жеткізілді. Қазіргі уақытта болған оқиғаның барлық мән-жайы, оның ішінде жанжалдың туындау себептері анықталуда. Кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерін балаларды тәрбиелеу және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілікке тарту мәселесі қарастырылуда», – деп хабарлады полициядан тілшімізге.
Тексеру нәтижесі бойынша оқиғаға қатысы бар барлық тұлғалардың әрекеттеріне тиісті құқықтық баға беріліп, заңнамада көзделген шаралар қабылданатын болады.
Соңғы жаңалықтар