Шымкенттік кәсіпкерлер жергілікті биліктің қысымынан шаршады

22.05.2026 16:58 Арман Ермеков
Шымкенттік кәсіпкерлер жергілікті биліктің қысымынан шаршады
132
Коллаж Politico.kz

Шымкентте жергілікті полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы металлургия зауытының жұмысын тоқтатып, шетелдік кәсіпкерлерді қамауға алғаннан кейін бизнесмендер Қазақстан президентінен қысымнан қорғауды сұрап отыр, деп хабарлайды Vera.kz.

Шымкент қаласының прокуратурасы алдына жиналған «Синь Юань Стиль» металлургия зауытының иелері мен қытайлық кәсіпкерлер қадағалау органына соңғы екі аптада көрген қысымдары туралы шағымданды. Кәсіпорындағы түйткілдер 6 мамыр күні күштік құрылым өкілдері зауытқа басып кіріп, Қытайдың 80 азаматын ұстап әкеткеннен кейін басталған. Жұмысшыларсыз қалған индукциялық пештер мен газ қондырғыларын апаттың алдын алу үшін шұғыл тоқтатуға тура келгендіктен, компания басшылығы қазіргі уақытта келтірілген шығын көлемін есептеп жатыр.

Жергілікті полиция департаменті өкілдерінің сөзіне қарағанда, зауыттағы тексеру жұмыстары «102» арнасына түскен шетелдік азаматты заңсыз ұстау туралы хабарламадан кейін басталған. Бұл ақпарат расталмағанымен, тәртіп сақшылары Қазақстанда заңды жүргенін растайтын құжаттары жоқ бірқатар шетелдікті анықтап, олардың жеке басын растау үшін қабылдап-тарату орнына жапқан. Ұсталғандардың арасында кәсіпорынды кеңейтуге $30 млн көлемінде қаржы құюды жоспарлаған екі қытайлық инвестор да бар, ал бұл жағдай әлеуетті серіктестердің райынан қайтуына әкелуі мүмкін деп алаңдайды зауыт қожайындары.

«Тексеру барысында құжаттары жоқ шетелдіктер анықталып, көші-қон заңнамасына сәйкес шаралар қабылданды және жиналған материалдар әкімшілік істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотқа жолданды», – деп мәлімдеді Шымкент қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Сонымен қатар ведомство өкілдері кәсіпорынға ешқандай қысым жасалмағанын және инвесторларды қамауға алу туралы ақпараттың шындыққа жанаспайтынын алға тартты. Алайда қалалық прокуратура маңында бейнеүндеу түсірген екі қытайлық бизнесмен зауытқа қыруар қаржы салу үшін келіп, уақыттарын қамауда өткізгендеріне наразылық білдірді.

«Менің Қытайдағы компаниям зауытты кеңейтуге $30 млн құюға дайын болды және мен Қазақстанға визасыз режиммен заңды түрде келгеніме қарамастан, полиция төлқұжатымды тартып алып, арнайы қабылдау орнында ұстады. Біз еліміздің «Бір белдеу – бір жол» бағдарламасы аясында инвестиция құюға келдік, ал мына жағдай мені қатты қынжылтады әрі бұл басқа инвесторларға да кері әсерін тигізеді», – деді есімін атамаған инвестор.

Екінші кәсіпкер Оон Чен өзінің ресми С-5 инвесторлық визасы бар екенін және осында компания тіркегенін, бірақ соған қарамастан төлқұжатсыз қалып, қабылдау орнына қамалғанын айтып отыр.

«Мен де «Синь Юань Стиль» зауытына инвестиция салғым келді, бірақ мені ұстап әкетіп, төлқұжатымды қайтармай жатыр, ал маған емделу үшін тезірек еліме қайту керек», – деді Оон Чен.

Қазіргі сағатта қамауға алынған қызметкерлердің барлығы босатылғанымен, зауыт иелерінің мәліметінше, құжаттар әлі толық қайтарылмаған. Кәсіпкерлер ел басшылығынан бұл жағдайды бақылауға алып, кәсіпорын жұмысын тоқтатқан кінәлілерді анықтауды өтінді. Қытайлық инвесторлар жергілікті полиция үшінші тұлғалардың нұсқауымен әрекет етіп, заңсыз іс-шараларға саналы түрде жәрдемдесті деп күдіктенеді.

Олардың пайымдауынша, қылмыстық іске белгісіз біреудің жалған анонимді қоңырауы түрткі болған және құзырлы органдар прокуратура мен соттың санкциясынсыз шетелдік азаматтарды жаппай ұстап әкеткен. Бұған қоса кәсіпкерлер жауап алу кезінде адвокат пен аудармашы берілмегенін, адамдарды заңсыз жауап беруге мәжбүрлегенін және бұл әрекеттер өндірісті жаңғырту жоспарына кедергі келтіріп, үлкен экономикалық шығынға ұшыратқанын жеткізді. Осылайша «Синь Юань Стиль» серіктестігінің иелері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтан өз құқықтары мен мүдделерін қорғауды сұрап отыр.

 

Войдите, чтобы оставить комментарий