«Соңына дейін күресті»: Ербаян Мұхтардың реабилитологі жан тебірентерлік жазба жариялады

28.06.2026 12:18 Қарақат АСЫЛОВА
«Соңына дейін күресті»: Ербаян Мұхтардың реабилитологі жан тебірентерлік жазба жариялады
218
Фото: @ulpan.sovetbekovna
Ербаянның дәрігері жүрек сыздатар жазба жариялады

Әскерде Отан алдындағы борышын өтеу кезінде ауыр жарақат алып, ұзақ уақыт ем қабылдағаннан кейін өмірден өткен 24 жастағы Ербаян Мұхтардың реабилитолог-дәрігері әлеуметтік желіде марқұмды еске алып, тебіреніске толы жазба жариялады, деп хабарлайды Politico.kz.

Ербаянның оңалу процесіне қатысқан реабилитолог Ұлпан Советбекқызы оның өмірге деген құштарлығы мен қайсар мінезін ерекше атап өтті. Дәрігердің айтуынша, жас сарбаз соңғы сәтіне дейін сауығып кетуге үмітін үзбеген.

«Ербаянның жанарында үміт бар еді. Сауығып кетуге, болашаққа, өмірге деген үміт. Біз жоспар құрдық, сендік, үміттендік. Бірақ тағдыр басқаша шешті», – деп жазды ол.

Маманның сөзінше, Ербаян ем қабылдау барысында ерекше төзімділік танытып, айналасындағыларға рухының мықтылығын дәлелдей білді.

«Сен өте қайсар, батыл, мейірімді жан едің. Соңына дейін күрестің және нағыз рух күшінің қандай болатынын көрсеттің. Мен үшін сен жай ғана пациент емес едің. Күн сайынғы еңбегіміз сенің қайтадан аяққа тұратыныңа деген ортақ үмітпен өтетін. Өкінішке қарай, бұл арман орындалмады», – деді дәрігер.

Жазба соңында реабилитолог Ербаянның қазасын қабылдау өзіне де ауыр тигенін айтып, оның енді ауырсыну мен азаптан ада тыныштық тапқанына сенгісі келетінін жеткізді.

Еске салайық, Ербаян Мұхтар әскери қызмет барысында ауыр жарақат алып, ұзақ уақыт бойы ем қабылдаған болатын. Оның өмірден озуы қоғамда үлкен резонанс тудырып, әскери қызметтегі қауіпсіздік мәселесін қайта көтерді.

Войдите, чтобы оставить комментарий