Сот қарсаңында Нұрай Серікбайдың ағасы күтпеген мәлімдеме жасады
Кісі қолынан ажал құшқан Нұрай Серікбайдың ағасы Сұлтан Серікбай қылмыстық істің тергелуі мен алдағы сот процесіне қатысты жаңа мәліметтерді бөлісті, деп хабарлайды Politico.kz.
Оның айтуынша, жәбірленуші тараптың құқығын сот барысында екі адвокат қорғайды. Сонымен қатар Сұлтан Серікбай қылмыстық іс материалдарын толық қарап шыққанын айтты.
«Қылмыстық іс 19 томнан тұрады, әр томда шамамен 180 бет бар. Іс материалдарының арасында фото және бейнематериалдар да қамтылған. Біз бірқатар шағымды Шымкент қаласының прокуратурасына жолдадық. Сол шағымдарды бас прокурор Берік Асылов жеке бақылауына алса деген тілегіміз бар. Себебі бұл шағымдардың дұрыс қаралмауы алдағы сот барысының дұрыс жүргізілуіне әсерін тигізеді», – деді Сұлтан Серікбай.
Ол бұған дейін де күдікті өз әрекеті үшін жауапкершіліктен жалтару мақсатында психикалық ауытқуы бар адам ретінде көрінуге тырысып жатқанын мәлімдеген болатын.
Еске салайық, биыл 11 қаңтарда Шымкент көшелерінің бірінде студент Нұрай Серікбайды қатыгездікпен пышақтап кеткен болатын. Бұл қайғылы оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырды. Тіпті, Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі бұл іске тоқталып, қыз алып қашудың өте ауыр қылмыс екенін қатаң ескертті.
Президенттің тікелей тапсырмасынан кейін Шымкент полициясында ауқымды тексеріс басталып, департамент бастығы мен оның бірінші орынбасары қызметінен қуылды. Оған қоса, бірқатар қызметкер жұмыстан шығарылды.
Сонымен қатар, марқұмның бұған дейін «күштеп некеге тұрғызу» туралы жазған арызына салғырт қараған тәртіп сақшыларының үстінен Ішкі істер министрлігі жеке қылмыстық іс қозғады.
Оқиға орнында ұсталған 28 жастағы Шерхан Аймахан қазір тергеу изоляторында отыр. Басында күдікті мәжбүрлі түрде емделуге жіберілгенімен, сот-психиатриялық сараптама оның ақыл-есі дұрыс екенін растады. Енді ол заң алдында толық жауап береді.
Тергеу барысында қылмыстық іс «Аса қатыгездікпен жасалған кісі өлімі» бабына қайта сараланды. Бұл бап бойынша айыпталушы өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Соңғы жаңалықтар