Сотта Әділетхан Молдаханға қандай айып тағылғаны айтылды
Алмалы аудандық сотында заңгер әрі блогер Әділетхан Молдаханға қатысты сот отырысы өтіп жатыр, деп хабарлайды Politico.kz Қазақпаратқа сілтеме жасап.
Оған Қылмыстық Кодекстің 274-бабы 2-тармағы 3-бөлігі бойынша (көрінеу жалған ақпарат тарату) айып тағылды. Іс бойынша жәбірленуші ретінде Алматы қаласы полиция департаменті басшысының бұрынғы орынбасары Ержан Ұзабаев және Алматы қаласы полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының экс- басшысы Серік Шумаев танылды.
Сот отырысының басында төрағалық етуші судья Ернар Қасымбеков айыпталушы тараптың істі қысқартылған тәріппен өткізу туралы өтінішінен прокуратура бас тартқанын айтты.
Одан кейін Серік Шумаевтың адвокаты Жандос Палманов айыпталушыға моральдық шығын ретінде 10 млн теңге және сот шығындарына 1 млн теңге азаматтық талап-арыз қойды. Ол өз қорғауындағы азаматтың кәсіби беделіне нұқсан келгенін айтты.
Тараптардың өтініштері айтылған соң, сот отырысында прокурор Ұлжан Әбдіраманова айыптау актісін оқыды. Онда Әділетхан Молдахан әлеуметтік желідегі парақшасында қараушыларды көбейту мақсатында резонанс тудыратын бейнероликтер енгізіп отырғаны айтылды. Мемлекеттік айыптаушы Молдахан Instagram желісінде 2026 жылдың 21 наурызында болған жол апаты бойынша жағымсыз деректер айта отырып, полиция қызметкерлері туралы теріс пікір қалыптастырғанын атап өтті.
Оның ішінде Алматы қаласы полиция департаменті басшысының орынбасары Ержан Ұзабаев және Әкімшілік полиция басқармасының басшысы Серік Шумаевтың құқықтарына нұқсан келгенін мәлімдеді.
«Айыпталушы Алматы қаласы полиция департаменті басшысының орынбасары Ержан Ұзабаев және Әкімшілік полиция басқармасының басшысы Серік Шумаев туралы ешқандай дәлелдемесіз бизнесте ықпалды азаматтардың балаларына қамқоршылық танытқаны туралы бейнежазба таратқан», — деді прокурор.
Ал жәбірленуші Ұзабаевтың адвокаты Асылбек Әбдірайымов моральдық шығын ретінде 10 млн теңге және сот шығындарына 1 млн теңге азаматтық талап-арыз қойған еді.
Еске салайық, көктемде кәсіпкер Александр Пак тізгіндеген Zeekr көлігі жоғары жылдамдықпен Mercedes-Benz автокөлігіне соғылып, салдарынан 3 адам ажал құшқан еді. Бұл оқиғадан кейін тергеуге қатысты негізсіз ақпарат таратқан Әділетхан Молдаханның үстінен қылмыстық іс қозғалып, заңгер наурыз айында қамауға алынды. Өткен сот отырысында ол өзіне тағылған айыппен толық келісетінін мәлімдеген болатын.
Соңғы жаңалықтар