Сотталған журналист Думан Мұхаммедкәрім БҰҰ деңгейінде негізсіз қудалаудың құрбаны деп танылды

Сотталған журналист Думан Мұхаммедкәрім БҰҰ деңгейінде негізсіз қудалаудың құрбаны деп танылды
Ашық дереккөздерден

Біріккен Ұлттар Ұйымының Негізсіз қамауға алу жөніндегі жұмыс тобы қазақстандық журналист Думан Мұхаммедкәрімнің бас бостандығынан айырылуын «негізсіз» деп танып, оны дереу босатуға шақырды, деп хабарлайды Politico.kz.

БҰҰ Жұмыс тобының №18/2026 пікірінде журналистің кәсіби қызметі үшін қудаланғаны және әділ сот талқылауы құқығынан айырылғаны атап өтілген:

  • «Сарапшылар бас бостандығынан айыру орындарында да заңсыздықтың жалғасып жатқанына алаңдаушылық білдіріп, шешім соңында оны дереу босатуға шақырды», — делінген құқық қорғау ұйымының хабарламасында.
  • Мұхаммедкәрімді қамауда ұстау Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының сегіз бабына (2, 3, 7, 9, 10, 11, 19 және 21) және Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің (АСҚХП) алты бабына (9, 14, 15, 19, 25 және 26) қайшы келетіні нақтыланды.

Денсаулық жағдайы және ҚАЖК ұстанымы

Қазіргі уақытта Думан Мұхаммедкәрім жазасын Қызылорда қаласындағы түзеу мекемесінде өтеп жатыр. Бұған дейін журналистің адвокаты мен қорғаушылары оның денсаулық жағдайын «аса қауіпті» деп бағалап, дабыл қаққан болатын.

Ал Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті (ҚАЖК) медициналық бақылау қорытындысы бойынша сотталушының жағдайы қанағаттанарлық екенін, жоспарлы тексерулерден өтіп тұратынын және ауыр дерт белгілері анықталмағанын мәлімдеді. Ведомство сотталушылардың жағдайы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің тұрақты бақылауында екенін алға тартты.

Думан Мұхаммедкәрімге қатысты қудалау 2023 жылдың көктемінде басталған:

  • Мәжіліс сайлауының қорытындысына қарсы митингіге шығу ниеті туралы мәлімдемесінен кейін 25 тәулікке қамалды. 1 мамырда қайта ұсталып, кейін «экстремизмді қаржыландыру» ісі бойынша екі айға қамауға алынды.
  • Қонаев қаласында сот процесі басталды. Журналист азаптауға ұшырағанын мәлімдеп, наурыз айында азаптау ісі бойынша жәбірленуші деп танылды.
  • Қонаев қалалық соты журналисті «экстремизмді қаржыландыру» және «тыйым салынған ұйымның қызметіне қатысу» баптары бойынша кінәлі деп танып, 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасын кесті.

Сот процесі баспасөз өкілдерінің қатысуынсыз жабық режимде өтті. Думан Мұхаммедкәрім тағылған айыптармен келіспейтінін және істің саяси астары бар екенін мәлімдеген болатын. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары журналисті босату туралы бірнеше мәрте үндеу жасады.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу