СҚО-да жол апаты болған жерге барған медбикені мас жолаушы ұрып тастаған

01.07.2026 16:57 Әсел МҰРАТ
СҚО-да жол апаты болған жерге барған медбикені мас жолаушы ұрып тастаған
226
Фото: СҚО ПД

Солтүстік Қазақстан облысында алғаш рет жедел медициналық жәрдем қызметкеріне күш көрсеткен адамға қатысты қылмыстық іс тіркелді, деп хабарлайды Politico.kz.

Оқиға 23 маусым күні Шал ақын ауданындағы Чудесай өзенінің маңында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, Lada маркалы автокөлік жолдан шығып, аударылып қалған. Оқиға орнына патрульдік полиция қызметкерлері мен жедел жәрдем бригадасы жедел жеткен.

Медициналық көмек көрсету кезінде көлікте болған жолаушылардың бірі медицина қызметкерлерінің жұмысына кедергі келтірген. Мас күйде болған 62 жастағы ер адам 37 жастағы медбикені бірнеше рет қолынан, аяғынан және іш тұсынан ұрып, дене жарақатын салған.

Құқық қорғау органдарының қызметкерлері агрессивті әрекет танытқан азаматты тоқтату үшін күш қолдануға мәжбүр болды. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Аталған оқиға бойынша жедел медициналық жәрдем қызметкеріне қатысты күш қолдану фактісімен қылмыстық іс қозғалды. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, бұл құқық бұзушылық үшін ірі көлемдегі айыппұлдан бастап бас бостандығынан айыруға дейінгі жаза көзделген.

Тексеру барысында жол апаты кезінде көлікте болған үш адамның да алкогольдік масаң күйде болғаны анықталды. Ал көлік жүргізген 52 жастағы аудан тұрғыны әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 20 тәулікке қамауға алынды. Сонымен қатар ол жеті жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылды.

Войдите, чтобы оставить комментарий