Сұлтан Сәрсемалиевтің үкімі күшіне енді: оған ешкім араша түспеді
Атырау облысында әйелінің төрт бірдей туысын өлтірді деп айыпталып, өмір бойына бас бостандығынан айырылған Сұлтан Сәрсемалиевтің ісіне нүкте қойылды. Tengrinews.kz басылымының жазуынша, сотталған азаматтың өзі де, оның адвокаты мен жәбірленуші тарап та, тіпті прокурор да бірінші сатыдағы соттың шешіміне апелляциялық шағым түсірмеген.
Атырау облыстық сотының баспасөз қызметі іс бойынша ешқандай шағым түспегенін растады. Осылайша, биылғы 14 шілдеде Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты шығарған үкім заңды күшіне енді. Сәрсемалиев енді жазасын төтенше қауіпсіздік мекемесінде өтейтін болады.
Елді дүрліктірген Сәрсемалиевтің сот процесі
Бұл жантүршігерлік қылмыс қоғамда үлкен резонанс тудырған еді. 2025 жылы Атырау облысы Жангелдин ауылының тұрғындары – Мақсот Қарабалин, оның жұбайы Нәсіп Өтешқалиева, сондай-ақ олардың балалары Мирамгүл Қарабалина мен Наурыз Мұқанғалиев із-түссіз жоғалып кеткен болатын.
2026 жылдың 6 қаңтарында Жангелдин ауылындағы өздері тұрған үйдің ауласындағы сарай астынан зейнеткер ерлі-зайыптының денесі табылды. Кейінірек Атырау іргесіндегі Геолог шағынауданынан олардың ұлы мен қызының мәйіті шықты. Полицияның мәліметінше, ағалы-қарындастың денелері Сұлтан Сәрсемалиев жалдап тұрған үйдің ауласына көмілген. Сарапшылар марқұмдардың мойын және кеуде тұсына ас үй пышағымен жалпы саны 60-қа жуық соққы жасалғанын анықтады.
Сұмдық қылмыстың беті ашылған соң, 8 қаңтарда басты күдікті – марқұмдардың 29 жастағы күйеу баласы Сұлтан Сәрсемалиевке халықаралық іздеу жарияланды. Ол отбасының кенже қызы Ақбаян Мұқанғалиевамен бірге елден қашып кеткен екен.
Қашқындар биыл 24 ақпанда Индонезияның Сенару ауылындағы қонақүйлердің бірінде ұсталды. Басында Ақбаян Мұқанғалиева да күдікті ретінде танылған еді. Алайда тергеу барысында оның өз туыстарының өліміне қатысы жоқтығы дәлелденіп, қылмыстық қудалау тоқтатылды. Ол сот-психологиялық-психиатриялық сараптамадан өтіп, психикалық денсаулық орталығында ем алды. Жақында ғана ауруханадан шыққан әйел ұзақ үзілістен соң төрт баласымен қауышқаны хабарланды.
Айта кетейік, Сәрсемалиев пен Мұқанғалиева 2022 жылы ресми түрде ажырасқан. Соған қарамастан олар бірге тұрып, 2025 жылы бесінші баласын дүниеге әкелген.
Сот барысында Сұлтан Сәрсемалиевке кісі өлтіруден бөлек, ұрлық, алаяқтық, мал ұрлау және құжаттарды заңсыз иемдену баптары бойынша да айып тағылды. Ол өз кінәсін ішінара мойындағанымен, қайын ағасы Наурызды өлтіру эпизодында өзін-өзі қорғағанын айтып ақталған болатын.
Бұл істі қараған судья Зарема Хамидуллина бұған дейін де қоғамды дүр сілкіндірген ауыр қылмыстарға үкім шығарған. Ол 2025 жылы Яна Легкодимованы өлтірді деп айыпталған екі азаматты да өмір бойына бас бостандығынан айырған еді. Енді, міне, бір отбасын қанға бояған Сәрсемалиев те өз жазасын алды.
Соңғы жаңалықтар