Тағы бір баланы балабақшада ұрып-соққан
Талдыкорғандағы "Айгөлек" балабақшасында тағы бір балаға зорлық-зомбылық жасалғаны анықталды, деп хабарлайды POLITICO.KZ, HALYQSTAN арнасына сілтеме жасап.
Жергілікті тұрғын үш жасар ұлының денесінен көгерген іздер байқалғаннан кейін дабыл қақты.
"Алғашында мән бермедім, ойладым – құлап қалған шығар. Бірақ бұл бірнеше рет қайталана берді. Балақайым оны ұрғандарын айтты" – дейді ашынған ана.
Бастапқыда тәрбиешілер мен бала күтушілер кінәні мойындаудан бас тартты. Тіпті баланың өзі ойдан шығарды деп ақталды.
Алайда бейнебақылау камераларынан алынған жазба бәрін өзгертті. Ананың айтуынша, онда тәрбиеші баланы дәретханаға апарып, соққыға жыққаны көрінеді.
"Бейнежазбаны көргенде қолым дірілдеп кетті. Баламды ұрып-соққан! Ал олар маған тік қарап тұрып өтірік айтты!" – дейді ана.
Ең таңғаларлығы, балабақша әкімшілігі бұл оқиғаны жоққа шығарды. Басшылық "ешқандай инцидент болмады" деп мәлімдеген.
Кейбір ата-аналар тіпті зорлық-зомбылық көрген баланы балабақшадан шығарып жіберуді талап етуде.
Анасы бұл істі соңына дейін жеткізбек. Ол полицияға арыз беріп, сотқа жүгінуді жоспарлап отыр.
"Мен кінәлілердің жазаланғанын қалаймын! Олар балалармен жұмыс істеуге тиіс емес. Тағы қанша бүлдіршін олардың құрбаны болды?" – дейді ашынған ана.