Талғарда полиция қызметкерлері жігіттің денесін молаға көміп тастаған
Талғар қаласында 27 жастағы Ғалымжанның қазасы қоғамда резонанс тудырды, деп хабарлайды Politico.kz.
Марқұмның туыстары оны полиция қызметкерлері қысымға алған деп айыптап отыр. Жас жігіт өзіне қол жұмсап, кейін атаусыз молаға жерленген. Бұл жайында отбасы бір ай өткен соң ғана білген. Қазір жақындары мәйітке эксгумация жүргізуді талап етіп отыр.
Ғалымжан желтоқсан айының соңында із-түссіз жоғалып кеткен. Туыстары бірден іздеу жариялағанымен, нақты ақпарат болмаған. Бір айдан кейін анасына ұлының қайтыс болғаны хабарланған.
Марқұмның анасы Гүлнар Момынованың айтуынша, ұлы интернет арқылы бір қызбен танысқан. Кейін ол қыздың 14 жаста екені анықталған. Анасының сөзінше, олар тек хат алмасқан.
«Ұлым жазбасында Талғар полиция қызметкерлері ұстап әкеткенін айтқан. Бөлімшеде басына қап кигізіп, ұрып-соқты деп көрсеткен. Қысым жасалғанын жазған», – дейді ол.
Туыстарының мәліметінше, Ғалымжанға кәмелетке толмағанға тиісу дерегі бойынша айып тағылған. Алайда өзіне қол жұмсамас бұрын жазған хатында ол тек құқық қорғау органдарын айыптап, анасынан кешірім сұраған.
Бір ай өткен соң Алматы қаласының полициясы туыстарымен байланысқа шығып, марқұмның аты-жөні көрсетілмеген зиратқа жерленгенін хабарлаған.
Марқұмның әпкесі Гүлзар Қапашованың айтуынша, отбасы ұлын адамша жерлеу мүмкіндігінен айырылған.
«Неге бізге мәйітін бермеді? Біз өз қолымызбен жерлеуіміз керек еді», – дейді ол.
Алматы облысы полиция департаменті бұл дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 121-бабы («Сексуалдық сипаттағы тиісу») бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын мәлімдеді. Ведомство мессенджерлердегі хат алмасу материалдары зерттеліп жатқанын, сондай-ақ полиция қызметкерлерінің ықтимал заңсыз әрекеттері де тексерілетінін хабарлады.
Алматы қалалық полициясы да қызметтік тексеру басталғанын растады. Ресми өкіл Салтанат Әзірбектің айтуынша, жерлеу кезінде салғырттық анықталса, тиісті шаралар қабылданады.
Қазір марқұмның туыстары мәйітті қайта қазып алып, сараптама жүргізуді талап етіп отыр. Полиция бұл рәсімді заң аясында ұйымдастыруға көмектесетінін мәлімдеді.
Соңғы жаңалықтар