Тамара Асар күйеуінің марқұм ұлы туралы: Аналық мейірім көрсетпедім деп өкіндім

14.08.2026 22:02 Томирис САҒЫНДЫҚ
Тамара Асар күйеуінің марқұм ұлы туралы: Аналық мейірім көрсетпедім деп өкіндім
83
Фото: instagram.com/tamara_assar_official

Қазақстанның халық әртісі, әнші Тамара Асар баланы тәрбиелеу процесіндегі жауапкершілік, отбасылық құндылықтардың ықпалы мен жастар арасындағы жат ағымдардың алдын алу мәселесі туралы сөз қозғады. Ол ұл баланы есейтудегі қиындықтар, тәрбиелік тәсілдер мен өмірлік ұстанымдар жайында өз тәжірибесін бөлісті, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы Тамара Асар «Хабар» арнасына берген сұқбатында айтты.  

«Барлығы оңай әрі керемет болды деп айта алмаймын. Кез келген ана күнделікті күйбең тірлікте ұлымен де, қызымен де тіл таба алмай жататын кездер болады. Мұндай сәтте балаға сенім білдіру өте маңызды. Кейде бұл ауыр да болуы мүмкін: балаға ерте сенім артып, барлық жауапкершілікті ерте жүктеп қоясың, бірақ сол арқылы оны дұрыс арнада ұстайсың. Мен де осындай тәсілді қолдандым. «Сен — менің тірегімсің» сияқты сөздер айттым. Екіншіден, менің әкем үлкен көмек көрсетті. Әкемнің арқасында ұлым шахматқа, спортқа барды. Үлкен қолдаушысы болды. Сонымен қатар ағам бар, інім бар деген сияқты жан-жағындағы ер азаматтарды да балаға идеал ретінде көрсетіп отырдым. Кейін спортта да қиын кезеңдер болды, әртүрлі теріс ағым шығып, соларға тап болып жатты. Осындай сәтте Маңғыстауда белгілі бокс бапкері Марат Шәкеев ағамызға хабарластым. Ол кісіні бұрын жақын танымайтын едім, тек сыртынан еститінмін. Телефонын тауып алып: «Аға, осындай қарындасыңыз едім. Менің ұлым бар. Оның жат діннің ағымдарына түсіп кетпеуі үшін Астана қаласынан жақсы бапкер тауып беріңізші», — деп өтіндім. Содан ол кісі маған жасы 80-ге жақындап қалған, орыс ұлтынан шыққан өте жақсы бапкерді тапты. Ол кісінің маған тигізген пайдасы өте үлкен болды. Қамбарды тәрбиелеуде сол кісінің көмегі орасан зор еді, сол үшін алғысым шексіз», — деді Тамара Асар.

Тамара Асар тәрбие барысындағы ұстамдылық, ұл балаға деген талап пен ішкі өкініш туралы да сөз қозғады.

«Өкініш деген — қызық нәрсе... Ол бар сияқты болып көрінеді де, жоқ болып кетеді. Жалпы алғанда күрделі өкінішім жоқ. Тек былтыр ана баланы жоғалтып алған кезде қатты өкіндім: «Аналық мейірімімді бере алмай қалдым-ау» — деп өкіндім. Қатты еркелетпедім. Жалпы мен ұлды еркелетпейтінмін, мінезім қаттылау еді. Ұлға қаттымын, өз баламды еркелетпейтін адаммын. Жақсы көретінімді айтамын, қамқорлығымды жасаймын, бірақ «тө-тө-тө» деген еркелікті ешқашан жасап көрмеппін, әлі де жасамаймын. Соны менен көре алмады-ау деп өкіндім», — деді әнші.

Халық әртісі өмірдегі адам күшінен тыс жағдайлар мен ішкі сенімнің маңызы туралы ой өрбітті.

«Мен дәрменсіздіктен қорқамын. Дәрменсіздік деген — шарасыздық, қолыңнан ештеңе келмейтін сәт. Жер сілкініп жатса, не істей аласың? Менің, сенің әсерің жоқ нәрселер — дәрменсіздік, шарасыздық. Мысалы, жақының ауырып қалса, қымбат дәріні сатып алып берерсің, бірақ оның сауығып кетуі не кетпеуі — сенің қолыңда емес. Ол — тағдырдан немесе Құдайдан. Мен тек осы шарасыздықтан қорқамын. Ал ондай кезде әйел адамда бір ғана қару қалады: ол — сенім, намаз, Құдайға сену, 18 мың ғаламға және өз жүрегіңе сену», — деді Тамара Асар.

Войдите, чтобы оставить комментарий