Таразда кәсіпкер әкімдікті сотта жеңіп шықты

13.02.2026 17:03 Арман Ермеков
Таразда кәсіпкер әкімдікті сотта жеңіп шықты
276
фото-коллаж: politico.kz

Қазақстанның Кассациялық соты Тараз қаласы әкімдігінің әрекетін заңсыз деп танып кәсіпкердің құқығын қорғап қалды, деп хабарлайды Politico.kz.

Сот кабинетінің мәліметіне сүйенсек Бауыржан Әбдәлімов есімді қала тұрғыны Ташкент көшесіндегі дүкенге арналған шағын жер учаскесі үшін жергілікті билікпен дауласқан. Ол 2014 жылы аумағы 0,0050 гектар жерді 10 жылға жалға алып кейін мерзімін ұзартпақ болғанда әкімдік жердің жасыл желек аймағында орналасқанын алға тартып рұқсат бермей қойған.

Кәсіпкер 2024 жылдың соңында бұл бас тартуды сот арқылы заңсыз деп танытқанымен әкімдік келісімшартты ұзартуға міндеттелмегендіктен көктемде қайта өтініш тастауға мәжбүр болады. Алайда шенеуніктер жаңа бас жоспарға сүйеніп бұл аумақ жасыл аймақ пен қызыл сызыққа кіретінін айтып тағы да кері қайтарған және жергілікті соттар биліктің бұл шешімін дұрыс деп тапқан.

Дегенмен биылғы 29 қаңтарда Кассациялық сот алқасы алдыңғы шешімдердің күшін жойып әкімдік қызметкерлерінің нысан тарихын ескермегенін анықтады. Мұрағат құжаттары бұл орындағы павильонның 1970 жылы салынғанын дәлелдейді және екі мыңыншы жылдардың басында билік дүкенді қайта жаңартуға рұқсат беріп кәсіпкер 2005 жылы меншік құқығын тіркеген. Бұл азаматтың мүлікке деген заңды құқығы 2023 жылғы жаңа бас жоспар қабылданғанға дейін әлдеқашан пайда болғанын көрсетеді.

Осыған байланысты жоғарғы инстанция Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековке әкімшілік рәсімді сот ұстанымын ескере отырып аяқтауды жүктеді.

«Тараз қаласы әкімінің жер учаскесін жалға алу мерзімін ұзартудан бас тарту жөніндегі әрекеті заңсыз деп танылсын», – деп мәлімдеді сот.

Сонымен қатар Тараз әкімдігі қызметкерлерінің заң талаптарын бұзып бизнес пен қоғам мүддесінің теңгерімін сақтамағаны үшін Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің атына жеке ұйғарым шығарылды.

«Тиісті шаралар қабылдау үшін жол берілген заң бұзушылықтар туралы Жамбыл облысының әкіміне хабарлансын», – деп хабарлады судьялар.

Енді аймақ басшысы бір ай ішінде кінәлі лауазымды тұлғаларды жазалау туралы Кассациялық сотқа баяндауға міндетті.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий