«Тарихи жеңіс»: Головкин Олимпиада чемпионы атанған Шайдоровты құттықтады
Ұлттық Олимпиадалық комитеттің президенті Геннадий Головкин мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоровты 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындарындағы жеңісімен құттықтады, деп хабарлайды Politico.kz.
ҰОК басшысы спортшының алтын медаль иеленуі қазақ спорты үшін маңызды оқиға екенін атап өтіп, бұл жетістікті көпжылғы еңбек пен төзімділіктің және кемелдікке ұмтылудың нәтижесі деп бағалады. Геннадий Головкин өз құттықтауында 32 жылдан кейін қысқы Олимпиадада Қазақстанның әнұраны қайта шырқалғанын ерекше тебіреніспен жеткізді.
«Мен Ұлттық Олимпиадалық комитеттің және жеке өзімнің атымнан Михаил Шайдоровты тарихи жетістігімен шын жүректен құттықтаймын. Бұл жеңіс – қазақстандық мәнерлеп сырғанау мен бүкіл отандық спорт үшін айтулы оқиға. Араға 32 жыл салып қысқы Олимпиада ойындарының төрінде еліміздің әнұраны шырқалып, көк туымыз желбіреді. Бүкіл Қазақстан сізді мақтан тұтып, осы айтулы күннің қуанышын бөлісуде. Осы жеңіс арқылы сіз есіміңізді әлемдік спорт шежіресіне жаздыңыз», – деді Головкин.
Сонымен қатар ҰОК президенті спортшының Италиядағы мұз айдынында жоғары шеберлік пен нағыз спорттық мінез танытқанын айтты. Оның сөзінше, мақсатқа ұмтылу мен тәртіп және команданың қолдауы биік белестерді бағындыруға мүмкіндік беретінін Шайдоров дәлелдеп берді.
Еске салайық, Милан мен Кортина-д’Ампеццо қалаларында өткен дүбірлі додада Михаил Шайдоров ерлер арасындағы жекелей сында жалпы 291.58 ұпай жинап, жарысты бірінші орынмен аяқтаған еді. Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың чемпионды II дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттау туралы шешім қабылдағаны хабарланған болатын.
Соңғы жаңалықтар