«Тауық еті деп ойладым»: Қонақүйде босанған сәбиді кәрізге тастаған сұмдық оқиға туралы тың дерек шықты

16.07.2026 15:36 Әсел МҰРАТ
«Тауық еті деп ойладым»: Қонақүйде босанған сәбиді кәрізге тастаған сұмдық оқиға туралы тың дерек шықты
199
Фото: Pixabay.com

3 шілде күні Астананың оң жағалауындағы көпқабатты тұрғын үйлердің бірінің кәріз жүйесінен жаңа туған сәбидің мәйіті табылды. Осы оқиғадан кейін жергілікті тұрғындар көршілес орналасқан Hot Room қонақүйін жабуды қайта талап етті, деп хабарлайды Politico.kz «NewTimes.kz» ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Олардың айтуынша, бұл нысан бірнеше жылдан бері аудан тұрғындарының мазасын алып келеді. Тұрғындар қонақүйге есірткіге тәуелді адамдар мен интимдік қызмет көрсететін әйелдердің жиі келетінін алға тартады. Алайда әзірге құқық қорғау органдары қонақүйдің бұл оқиғаға қатысы барын ресми түрде растаған жоқ.

Сәбидің денесін үйдің кәріз жүйесіне қызмет көрсететін Әли есімді тұрғын тапқан. Оның айтуынша, сол күні кешке ол Абылай хан даңғылы, 41/1 мекенжайындағы үйдің кәріз құдығына түсіп, қонақүй жақтан өткір жағымсыз иіс шыққанын байқаған.

Алғашында ер адам кәріз құбырлары тұрғындар тастайтын тұрмыстық қалдықтардан бітеліп қалған шығар деп ойлаған. Себебі мұндай жағдай мұнда жиі кездеседі. Бірақ құбырдың ар жағынан жаңа туған сәбидің денесі шығады деп ойламаған.

«Кәрізге бәрін тастайды: жаялықтан бастап картоп, етке дейін. Қоқысты контейнерге апаруға ерініп, бәрін дәретханаға ағызып жібереді. Бұл жолы да солай шығар деп ойладым. Құбырларды тексеріп, бітелген жерді іздей бастадым. Негізгі тік құбырға жеткенде су өтпей тұрғанын байқадым. Ұзын таяқпен итеріп қалып едім, әуелде біреу тауықтың сан етін ағызып жіберген екен деп қалдым. Бірақ су кеткен соң мұқият қарасам, оның нәресте екенін түсіндім. Екі аяғы көрініп тұрды. Қасымдағы досымды шақырып көрсеттім. Ол да алғашында сенбеді. Екеуміз анық көргенде төбе шашымыз тік тұрды», – дейді Әли.

Оның сөзінше, сәбидің денесі кәрізде шамамен бір жарым сағаттай жатқан болуы мүмкін. Қорқынышты көріністі көрген бойда ол полиция шақырған.

Кейін құқық қорғау органдары нәрестенің анасын анықтады. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, ол – 28 жастағы Астана тұрғыны. Әйелдің осы маңдағы Hot Room қонақүйіне жиі келіп жүргені белгілі болған.

Тұрғындардың сөзінше, оқиға болған күні әйел қонақүйде ер адаммен бірге болған. Олардың айтуынша, ол қонақүй бөлмесінде өздігінен босанған. Артынша жаңа туған сәби кәріз жүйесіне түсіп, құбыр арқылы тұрғын үйдің құдығына жеткен.

Сонымен бірге баланың нақты қалай көз жұмғаны, босанғаннан кейін әйелдің қандай әрекет жасағаны және оқиғаның барлық мән-жайы тергеу мен сот-медициналық сараптамалардың қорытындысынан кейін ғана белгілі болады.

«Мұндай әрекетке барған адамды адам деуге де келмейді. Егер бала керек болмаса, жүктілікті соңына дейін көтеріп, перзентханада ресми түрде бас тартуға болатын еді. Ал тірі туған сәбиді дәретханаға тастап, оны құбырдан өтуі үшін итеріп жіберу – адамгершілікке сыймайтын іс. Мұндай қадамға қалай барғанын түсіне алар емеспін», – дейді Әли.

Тұрғындардың наразылығын туғызған тағы бір жайт – сәбидің мәйіті табылғаннан кейін полицияның алдымен осы үйдің тұрғындарын ұзақ уақыт бойы тексеріп, жауап алғаны. Айтуларынша, олар алғашқы минуттардан-ақ тәртіп сақшыларына күдік көрші қонақүйге түсіп отырғанын жеткізген. Себебі мұнда күмәнді жағдайлар бұрыннан жиі болып келеді.

Дегенмен тұрғындардың айтуынша, әйелді анықтап, табуға біраз уақыт кеткен. Одан кейін не болғаны әзірге белгісіз.

Кейін қонақүй мөрленіп, иесіне 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 86 500 теңге айыппұл салынды. Алайда бұл шаралар қайғылы оқиғадан кейін екі аптаға жуық уақыт өткен соң ғана қабылданған.

Неліктен тұрғындар Hot Room қонақүйін жабуды талап етіп отыр?

Бұл қонақүйдің тарихы 2007 жылдан басталады. Осы маңда ұзақ жылдан бері тұрып келе жатқан тұрғындардың көбі оны бұрынғы «Луна» атауымен әлі күнге дейін еске алады.

Абылай хан даңғылы, 41/1 мекенжайындағы үйде 20 жылдан астам уақыт тұратын Натальяның айтуынша, қонақүйдің құрылысы басталған күннен-ақ тұрғындар оған қарсы болған.

Оның сөзінше, тұрғын үй кешені 1980 жылдардың соңында салынған кеңестік үлгідегі екі үйден тұрады. Екі ғимарат «Г» әрпі тәрізді орналасқан, ал олардың ортасында бұрын бос алаң болған. Кейін дәл сол жерге қонақүй бой көтерген.

Наталья құрылыс барысында көптеген заңбұзушылыққа жол берілгенін айтады. Сол кезде тұрғындар бірігіп, әкімдікке, тұрғын үй инспекциясына және басқа да мемлекеттік органдарға бірнеше мәрте шағым түсірген. Тексеру қорытындысында ғимаратты бұзу жөнінде нұсқама да берілген. Алайда сол уақытқа дейін қонақүйдің құрылысы аяқталуға жақын қалған.

Тұрғындардың айтуынша, бастапқыда бұл жерде мүлде басқа әлеуметтік нысан салынады деп уәде берілген.

Кейін дау сотқа дейін жеткенімен, тұрғындар қонақүйді сүргізе алмады. Натальяның сөзінше, сот барысында бұрынғы ПИК басшыларының әрекетіне қатысты түрлі заңбұзушылықтар мен күмәнді құжаттар анықталған. Арада жылдар өткенде олардың бірнешеуі ауысып, бүгінде ешқайсысы қызметте жоқ. Құрылысқа қатысты құжаттардың бір бөлігі де жоғалып кеткен.

Қонақүйден бөлек, кейін оның жанына шағын маркет салынған. Тұрғындар бұл нысанның да заңсыз тұрғызылғанын айтып, оны бұзуды талап еткен. Осы мәселе бойынша да мемлекеттік органдарға бірнеше мәрте шағым түсірілген.

Натальяның айтуынша, бастамашыл топтың қолында құрылысқа қатысты көптеген құжат болған. Алайда оларды сақтап жүрген белсенді тұрғын жақында қайтыс болып, қазір оның туыстары мұрағатты іздестіріп жатыр.

«Біз үшін ең маңыздысы – қонақүй құрылысының заңсыз деп танылғаны және оны бұзу жөніндегі нұсқаманы табу. Уақыт өте келе бастамашыл топтың қатары сирей бастады. Алдымен балабақша ұжымы бұл іске араласуын тоқтатты, кейін көрші үйдің тұрғындары да шеттей бастады. Ол кезде түрлі әңгімелер айтылды. Кейбіреулерге бұл күресті тоқтату үшін белгілі бір ұсыныстар жасалған деген сөз тарады. Бірақ мен ондайды нақты айта алмаймын, себебі өзіме ешкім ештеңе ұсынған жоқ. Біз бәрібір күресті жалғастырдық. Сол кездегі ПИК төрайымы тіпті: «Бұл істі тоқтатпасаңдар, өздеріңе қиын болады» деген еді. Кейін оның өз қызметіне қатысты түрлі заңбұзушылықтар анықталды. Мұны біз емес, әкімдік тексеру барысында анықтады. Жер телімдерін бөлуге байланысты күмәнді мәселелер болғаны белгілі болды. Онда үлкен қаржы жүргені анық еді. Кейін ол әйел ауыр дертке шалдығып, үш айдың ішінде өмірден өтті. Бұл жағдай бәрімізге ауыр тиді. Жасы небәрі елу шамасында ғана болатын», – дейді Наталья.

Тұрғындардың айтуынша, бүгінде басты мәселе – қонақүйдің тұрғын үймен ортақ инженерлік желілерді пайдаланып отырғаны.

«Ұзақ уақыт бойы бізге қонақүй біздің коммуникацияларға қосылмаған деп айтылды. Бірақ жертөлеге кіруге рұқсат берілмегендіктен, мұны тексере алмадық. Енді оның үйдің кәріз жүйесіне заңсыз қосылғаны белгілі болып отыр. Ғимарат ортақ кәріз коллекторына жалғанған. Ал мұндайға жол берілмеуі керек еді», – дейді Наталья.

Оның айтуынша, осыдан кейін үйдегі кәріз жүйесі жиі бітелетін болған. Тұрғындар сантехниктерді қайта-қайта шақыруға мәжбүр. Әсіресе қонақүйге жақын кіреберістерде мұндай жағдайлар жиі кездеседі. Бұрын бұған нақты не себеп болғанын түсінбеген тұрғындар енді оны қонақүйдің заңсыз қосылуымен байланыстырады.

«Қонақүй біздің үйге жапсарлас салынды. Барлық инженерлік желіні бір ғимарат сияқты жалғап қойған. Екі ғимараттың арасында өте тар саңылау ғана қалды. Қыста сол жерге қар үйіледі. Соның салдарынан үйіміздің шеткі қабырғасы үнемі дымқыл тартып тұрады. Қазір оның жағдайы нашарлап кеткен. Қабырға біртіндеп бұзылып жатыр. Ең қиыны – арасы тым тар болғандықтан, жөндеу жұмыстарын да толық жүргізе алмаймыз. Балалар түсіп кетпесін деп өзіміз темір қоршау орнаттық. Бізге ең бастысы – бұл қонақүй жабылса болды. Ғимаратты басқа мақсатқа пайдаланса қарсы емеспіз. Бірақ мұнда қонақүйдің де, түрлі күмәнді орындардың да болғанын қаламаймыз», – дейді тұрғын.

«Бұл жер нағыз притонға айналды»: тұрғындар қонақүйге қатысты тағы қандай шағым айтты?

Тұрғындардың айтуынша, қонақүйдің көптен бері қордаланған тағы бір мәселесі – оның келушілері. Олардың сөзінше, уақыт өте келе бұл орын күмәнді адамдар жиналатын мекенге айналған. Мұнда мас күйдегі азаматтар, есірткіге тәуелді адамдар және интимдік қызмет көрсететін әйелдер жиі келеді деген пікір бар.

Жергілікті халықтың айтуынша, мұндай келушілер түннің бір уағына дейін айғайлап, жанжал шығарып, айналадағы тыныштықты жиі бұзады. Әсіресе қонақүйге қараған пәтерлерде тұратындарға қиын. Ашық терезеден шығатын айғай-шу мен әдепсіз дыбыстарды балалар мен қарттар күн сайын естуге мәжбүр.

Әлидің айтуынша, мұндай жағдайлар үйреншікті көрініске айналған.

«Жаз мезгілі болғандықтан терезелер ашық тұрады. Балалар аулада ойнап жүреді. Сол кезде қонақүй жақтан айғай, айқай, түрлі дыбыстар үзілмейді. Бірде ұлым жүгіріп келіп: «Әке, біреуді ұрып жатқан сияқты», – деді. Мен оған не айтарымды білмедім. Мұндай көрініс күнде қайталанады. Түнгі он бірде де, түнгі бірде де, екіде де тыныштық жоқ. Өзім бірнеше рет барып, «Ең болмаса терезені жабыңдар» деп ескерту жасадым. Тағы бір түсінбейтінім – тұрғын үйге дәл жапсарластырып қонақүй салуға қалай рұқсат берілген? Заң бойынша мұндай нысандардың арақашықтығы әлдеқайда үлкен болуы тиіс», – дейді ол.

Бұл ауданда бұрын тұрған, қазір жақын маңдағы дүкенде сатушы болып жұмыс істейтін Залина да осыған ұқсас жағдайларды жиі көргенін айтады.

Оның айтуынша, бір күні түнде үйіне қайтып келе жатқанда қонақүйге бет алған екі жігіттің шлагбаумды теуіп жатқанын байқап, ескерту жасаған. Алайда олар әйелді балағаттап, жанжал шығарған.

«Олар қонақүйге кіріп бара жатты. Мен тек шлагбаумды сындырмауын сұрадым. Бірақ орнына балағат сөздер айтты. Соңынан қонақүйге кіріп, неге олай сөйлегендерін сұрадым. Ешқандай жауаптың орнына тағы да дөрекілік көрсетті. Амалсыз полиция шақырдым. Ақырында әкімшілік хаттама екеуімізге де толтырылды. Маған тыныштықты бұзды деген айып тағылды. Осы күнге дейін оның себебін түсінбеймін. Бұл жерге кеш сайын түрлі адамдар жиналатын. Темекі шегіп, ішімдік ішіп, боғауыз айтып тұратын. Бұл көріністі төрт жыл бойы көрдім. Сондықтан қонақүйдің жұмысы тоқтатылуы керек деп есептеймін», – дейді Залина.

Тілші оқиға орнында жүрген кезде қонақүйдің мөрленгеніне қарамастан, бөлмелердің бірінде кенет жарық жанған. Мұны байқаған тұрғындар бірден полиция шақырған.

Полиция келгенше терезеден әуелі ер адамның, кейін әйелдің сұлбасы көрінген. Әйел өзін қонақүй әкімшісі ретінде таныстырып, жұмысын аяқтау үшін келгенін айтқан. Алайда мөр басылған ғимаратқа қалай кіргенін нақты түсіндіре алмаған.

Біраз уақыттан кейін бірінші қабаттағы жарық та жанған. Терезеден қарағанда іште екі-үш адамның жүргені байқалғанымен, полиция оларды ғимараттан шығармаған.

Кейін тұрғындарға қонақүй иесінің келетіні хабарланған. Алайда тілші болған уақыт ішінде ол оқиға орнына келмеген.

Сол күні қонақүйге жеке заттарын алуға келген жас жұп та болған. Полицейлерді көргенде олардың абдырап қалғаны байқалған.

Қазір тұрғындар қонақүйді толықтай бұзу туралы талаппен ұжымдық өтінішке қол жинап жатыр. Сондай-ақ олардың айтуынша, бұған дейін қонақүй маңынан ер адамның мәйіті де табылған. Алайда бұл ақпаратты құқық қорғау органдары ресми түрде растаған жоқ.

Полиция не дейді?

Астана қаласының полиция департаменті жаңа туған сәбидің мәйітіне қатысты қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын растады. Қажетті сараптамалар тағайындалып, құқық бұзушылыққа қатысы бар тұлға анықталған.

Сонымен қатар қонақүй әкімшілігіне құқық бұзушылықтың туындауына ықпал еткен себептер мен жағдайларды жою жөнінде ұсыныс енгізілген. Нысан басшылығымен келушілердің қоғамдық тәртіпті сақтауын күшейту қажеттігі туралы профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Тергеу жалғасып жатыр.

Кейін полиция жыл басынан бері осы қонақүйден «102» арнасына 19 шақырту түскенін мәлімдеді. Тыныштықты бұзғаны үшін 13 адам, қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін тағы үш адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Сондай-ақ бұған дейін де осы қонақүйге байланысты жаңа туған нәрестеге қатысты оқиға тіркелгені белгілі болды. Ол іс бойынша 29 жастағы әйел ұсталып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Полицияның мәліметінше, қонақүй иесіне құқық бұзушылықтардың алдын алу жөнінде арнайы ұсыныс берілген. Қазіргі уақытта нысан учаскелік инспекторлардың тұрақты бақылауына алынған. Мұнда жүйелі түрде тексерулер мен профилактикалық іс-шаралар өткізіліп келеді.

Войдите, чтобы оставить комментарий