"Тек қазақша болсын": Алматыда ата-аналар мектепте орыс сыныптарының ашылуына қарсы

19.08.2025 09:10
0
564
Сурет: threads/@rakhimberlinturar
Алматыда ата-аналар №215 мектепте орыс сыныптарының ашылуына қарсы, деп хабарлайды POLITICO.KZ саяси-әлеуметтік порталы.

Бостандық ауданында орналасқан білім ошағында орыс сыныптарының ашылуына қатысты дау өршіп, әлеуметтік желіде қызу талқылануда.

Алматы қаласындағы №215 мектептің ата-аналары білім ордасының тек қазақ тілінде білім беруін талап етуде. Олардың бұл наразылығына мектеп әкімшілігінің жаңа оқу жылынан бастап орыс сыныптарын ашуды жоспарлап отырғаны себеп болған. Қазіргі таңда бұл мәселе TikTok әлеуметтік желісінде тарап, қоғамдық резонанс тудыруда.

Бұған дейін тек қазақ тілде білім беріп келген №215 мектептің бұл жаңалығы көптеген ата-ананың көңілінен шықпады. Олар өздерінің қарсылықтарын әлеуметтік желіде, әсіресе TikTok платформасында жаппай бейнеүндеулер жариялау арқылы білдіріп жатыр. Сондай-ақ, 2ГИС карта сервисінде де мектепке қатысты пікір қалдырып, білім ошағының қазақ тілді мәртебесін сақтап қалуды сұрауда.

Ата-аналардың айтуынша, бұл ауданда орыс тілінде білім беретін мектептер онсыз да жеткілікті. Жақын маңда №125 мектеп пен №38 гимназия сияқты орыс тілінде оқытатын білім ошақтары бар екен. Осыған орай, тағы бір мектепті аралас форматқа көшірудің мақсатын түсінбейтіндіктерін білдіреді. Олар балаларының таза қазақ тіліндегі білім ортасында тәрбие алуын қалайтынын атап өтеді.

Алматы қаласы Білім басқармасының 2024 жылғы есебінде ұсынылған соңғы ресми деректерге сәйкес, мегаполисте 343 мектеп жұмыс істейді.

Осы жалпы санның ішінде 216 мектеп – мемлекеттік. Олардың оқыту тілі бойынша бөлінісі келесідей: 77 мектеп тек қазақ тілінде, 59-ы тек орыс тілінде білім берсе, тағы 77-сі – екі тілде оқытатын аралас мектептер. Сондай-ақ қалада ұйғыр тілінде оқытатын 3 мемлекеттік мектеп бар. 

Мемлекеттік мектептерден бөлек, Алматыда 127 жекеменшік мектеп жұмыс істейді. Бұл секторда орыс тілінде оқытатын мектептер басым – олардың саны 54. Тағы 36 жекеменшік мектеп аралас, 33-і – қазақ тілінде, ал 4 мектеп толығымен ағылшын тілінде білім береді.

2025 жылы Алматыда 7 жаңа мектептің құрылысы аяқталды, тағы 4 мектепті осы жылдың тамыз айының соңына дейін аяқтау жоспарлануда.

 

@darkhan_ardaquly @Сөз құдіреті! ♬ original sound - DARKHAN ARDAQULY
Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий