Телефонға телмірген ұрпақ: Мамандар дабыл қағуда, салдары қандай?

Телефонға телмірген бала: Шынайы өмірден алыстап барамыз ба?
Бүгінгі таңда көптеген ата-ана баласының телефонға тым көп уақыт бөлетініне алаңдаулы. Сандық технологиялар қарыштап дамыған заманда шексіз ақпарат ағыны мен ойын-сауық балаларды экранға байлап тастағандай. Осының салдарынан ата-аналар бала тәрбиесінде жаңа қиындықтарға тап болып, онымен қалай күресудің нақты жоспарын білмей дал болуда. Телефонды ұзақ уақыт пайдалану баланың ерте жастан-ақ енжар, қуатсыз болып, оқуға немесе басқа істерге деген ынтасының жоғалуына әкеп соғуда.
Телефонның бала денсаулығына тигізер кесірі
Телефонды шамадан тыс пайдалану баланың психикалық және физикалық денсаулығына айтарлықтай зиян келтіреді. Телефонды пайдалануға кедергі жасалса немесе алып қойса, баланың бойында мазасыздық, күйзеліс және ашушаңдық пайда болуы мүмкін. Әлеуметтік желілерде өзін басқалармен салыстыру нәтижесінде баланың өзін-өзі бағалауы төмендеп, депрессиялық көңіл-күйге түсу қаупі артады.
Сонымен қатар, ұйқы алдында телефон пайдалану, экранның жарығы мен келетін хабарламалар баланың қалыпты ұйқысына кедергі келтіреді. Бұл оның оқу үлгеріміне де кері әсерін тигізеді. Телефон сабаққа зейін қоюға бөгет болып, оқу дағдыларының нашарлауына алып келеді.
Физикалық тұрғыдан алғанда, көздің талуы, бас ауруы және көру қабілетінің нашарлауы жиі кездеседі. Телефонға үнемі үңіліп отыру омыртқа мен мойын ауруларына себеп болады. Қозғалыстың аздығы жалпы денсаулыққа зиян келтіреді.
Отбасылық қарым-қатынасқа түскен сызат
Телефонға тәуелділік отбасы ішіндегі қарым-қатынасқа да кері әсерін тигізеді. Ата-аналар балаларымен бірге уақыт өткізгенімен, әрқайсысы өз телефонына үңіліп, құнды сәттерді жоғалтып жатқанын сезінеді. Осыған байланысты ата-ана мен бала арасында кикілжіңдер туындап, телефонды пайдалану ережелеріне қатысты дау-дамай жиілейді. Сондай-ақ, ата-аналар баласының интернеттегі агрессия, порнография сияқты жағымсыз мазмұнға тап болуынан және кибербуллинг құрбанына айналуынан қорқады.
Ғылыми зерттеу не дейді?
Баск елі университетінің (UPV/EHU) PhD докторлары жүргізген зерттеу смартфондардың балалар өмірінің ажырамас бөлігіне айналғанын көрсетеді. Зерттеуге 6-16 жас аралығындағы 642 бала қатысқан. Нәтижелер бойынша, балалар смартфонның төрт негізгі артықшылығын атап өткен:
- Әлеуметтік байланыс: достармен араласу және төтенше жағдайда ата-анамен хабарласу.
- Ақпаратқа қол жеткізу: қажетті мәліметті жылдам табу.
- Іш пысуды басу: уақытты тиімді өткізу.
- Мультимедиялық ойын-сауық: видео көру, ойын ойнау және музыка тыңдау.
Зерттеу көрсеткендей, жеке телефоны бар балалар оны көбіне қарым-қатынас пен білім алу үшін пайдаланса, ата-анасының телефонын қолданатындар негізінен ойын-сауыққа басымдық береді.
Сонымен қатар, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 2 жасқа дейінгі балаларға экранға мүлдем қарамауға, ал 2-5 жас аралығындағыларға күніне ең көбі 1 сағат қана шектеу қоюға кеңес береді. Сарапшылардың пікірінше, балаға 13-14 жаста смартфон алып беру орынды, себебі бұл кезде олардың шешім қабылдау және өз іс-әрекетін бақылау қабілеті жақсарады.
Мамандар не істеуге кеңес береді?
Клиникалық психолог Ксения Вотякова: Маманның айтуынша, виртуалды әлем бала үшін жетістікке жетудің жалғыз көзіне айналғанда тәуелділік пайда болады. Мұның алдын алу үшін оған шынайы өмірде өзін табысты сезінуге жағдай жасау керек. «Балаға өзі орындай алатын қарапайым міндеттер жүктеу қажет. Мысалы, қоқыс шығару, ыдыс жуу немесе үй жануарына қарау сияқты істерді атқару арқылы ол өзінің маңыздылығын сезінеді. Бұл сезім оны ойындар мен әлеуметтік желілердегі жетістіктерді іздеуден арылтады».
Психолог Михаил Лабковский: Лабковский балалар ата-анасының мінез-құлқын толығымен қайталайтынын айтады. Егер балаңыздың телефонда отырмағанын қаласаңыз, бірінші кезекте өзіңіз оны қолыңызға алмауыңыз керек. «Бала – отбасының айнасы. Егер оның кітап оқығанын қаласаңыз, өзіңіз кітап оқыңыз. Оны телефоннан алшақтатқыңыз келсе, өз телефоныңызды шетке қойып, онымен бірге ойын ойнаңыз. Бала үшін ата-анасының тірі назарынан артық ештеңе жоқ».
Педиатр, ұйқы бойынша сарапшы Крис Фаунинг: Дәрігер Фаунинг ата-аналар жасай алатын ең маңызды қадам – ұйықтайтын бөлмеден барлық гаджетті толығымен алып тастау екенін алға тартады. «Ұйықтайтын бөлме тек ұйқымен байланысты болуы керек. Ұйқыға дейін 1-2 сағат бұрын «технологиялық коменданттық сағат» орнатып, барлық құрылғыны бөлмеден шығару – бұл жай ғана кеңес емес, медициналық қажеттілік». Бұл ұйқы гормоны мелатониннің бөлінуіне тікелей әсер етіп, баланың көңіл-күйі мен оқу қабілетін жақсартады.
Соңғы жаңалықтар





