The Times: Ұлыбритания премьері Стармер Трамп пен Еуропа арасында делдал болмақ

Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер АҚШ президенті Дональд Трампты Украинадан бас тартпауға шақырады, деп хабарлайды The Times.
Ол Британияны Еуропа мен АҚШ арасындағы "көпір" ретінде көрсетіп, Вашингтон мен Брюссельдің ортақ шешімге келуіне ықпал етпек.
Стармер дүйсенбі күні Парижде өтетін Еуропаның жетекші елдерімен кездесуінде Украина мәселесін талқылайды. Кейін Вашингтонға барып, Трампқа Еуропаның ортақ ұстанымын жеткізуді жоспарлап отыр.
Премьер-министр Ұлыбританияның ерекше рөлін атап, Лондонның Вашингтонмен қарым-қатынасы жақсы болғандықтан, келіссөздерде өз ықпалын пайдалана алатынын айтты. Сонымен қатар, ол Еуропа елдерін НАТО-ның қорғаныс шығындарын көбейтуге және маусымдағы альянс саммитіне нақты ұсыныстармен келуге шақырады.
Ұлыбританияның Украинадағы қауіпсіздік миссиясына қатысу мүмкіндігін де қарастырып отырғаны белгілі болды. Стармер бұл туралы:
"Біз Еуропаның қорғаныс жауапкершілігін өз мойнымызға алуымыз керек. Украина қауіпсіздігін қамтамасыз ету – Еуропа мен Ұлыбритания қауіпсіздігінің кепілі" деді.
Еуропа дипломаттары премьер-министрдің бастамасына күмәнмен қарап отыр. Олардың пікірінше, Британия Трамппен жақын қарым-қатынас орнатқанымен, оның саясатын өзгертуге қауқарсыз болуы мүмкін.
Ұлыбританияның бұл қадамы Еуропаның қауіпсіздік мәселелеріне салмақты қарайтынын көрсетеді. Бірақ Трамптың Украинаға қатысты ұстанымын өзгертуге Лондонның күші жете ме – ол жағы әлі белгісіз.
Соңғы жаңалықтар





