«Толқып тұрмын: Роза Рымбаеваның келіні отбасы туралы жазба жариялады

03.07.2026 12:51 Мөлдір ҚАЙНАР
«Толқып тұрмын: Роза Рымбаеваның келіні отбасы туралы жазба жариялады
85
Фото: әлеуметтік желі

​Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаеваның келіні, танымал тележүргізуші әрі блогер Ақерке Бүркітбай отбасындағы үлкен қуанышты жаңалығымен бөлісті. Ол әлеуметтік желідегі жеке парақшасында 18 жастағы інісі Ақсұңқардың Алматы қаласынан жеке пәтер алғанын сүйіншіледі, деп хабарлайды Politico.kz.

​Ақерке Бүркітбай балалық шағын еске алып, ата-анасының бес баланы ештеңеге қарамастан өсіріп, білім беріп, тәрбиелеу үшін бар ғұмырын арнағанын ерекше тебіреніспен жеткізді. Ол інісінің бұл қадамына дән риза.

«Бүгін жүрегім ерекше толқып тұр. Інім Ақсұңқар 18 жасында Алматыдан өз пәтерінің иесі атанды», – деп жазды блогер әлеуметтік желіде.

​Тележүргізуші бұл үлкен жетістікті жай ғана баспана емес, ата-анасының көпжылдық адал еңбегі мен төзімінің жемісі екенін мақтанышпен атап өтті. Ол отбасылық құндылықтар мен әке-шешесінің берген тәрбиесіне тоқталды.

«Бұл – жай ғана баспана емес. Бұл – ата-анамыздың адал еңбегінің, төзімінің, дұғасының жемісі. Әкеміздің арманының жалғасы. Анамыздың ешқашан мойымаған қайсарлығының нәтижесі», – деді Ақерке Бүркітбай.

​Сонымен қатар, ол өмірден ерте өткен әкесінің аманаты орындалып жатқанын айтып, қиындыққа мойымаған анасына шексіз алғысын білдірді. Жазба соңында блогер інісі Ақсұңқарды құттықтап, жаңа шаңырақтың берекелі әрі құтты болуын тіледі.

Войдите, чтобы оставить комментарий