Тоқаев полицейлерге шабуыл жасаған сотқарларды қатаң жазалау керегін айтты

10.04.2026 13:38 Әсел Мұрат
Тоқаев полицейлерге шабуыл жасаған сотқарларды қатаң жазалау керегін айтты
273
Фото: ашық дереккөз

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ғалымдарды марапаттау рәсімінде сөйлеген сөзінде жол қауіпсіздігі мәселесіне арнайы тоқталды, деп хабарлайды Politico.kz.

«Өкінішке қарай, Қазақстанда жыл сайын көлік апатының кесірінен, соның ішінде көп жағдайда жол қозғалысы ережесін өрескел бұзудың салдарынан мыңдаған адам көз жұмады. Бұған жол беруге болмайды», - дейді Тоқаев. 

Мемлекет басшысының айтуынша, бұрын елімізде көлік апатының көптігіне жолдың нашарлығын желеу қылатын. 

Соңғы бірнеше жылда барлық өңірдегі жол инфрақұрылымын ауқымды түрде жаңғырту қолға алынды. Бірақ қайғылы оқиға азаймай тұр.

«Демек бұл жағдайға Үкімет пен қоғам жіті назар аударуы керек. Азаматтар бекітілген ережелердің бәрін мүлтіксіз сақтайтын көлік жүргізу мәдениетін қалыптастырған дұрыс», - деді президент.

Мемлекет басшысы сондай-ақ полицейлермен тәжікелесу, тіпті оларға шабуыл жасау фактілерін тыю қажет екенін айтты. 

«Мұндай жағдайларға, сондай-ақ құқықтық нигилизм дертіне шалдыққан адамдарды, басқаша айтқанда, сотқарлар мен бұзақыларды «қаһарман» жасауға заң аясында қатаң шара қолдану керек. Біз өркениетті ұлт болғымыз келсе, полицейлердің, дәрігерлердің, мұғалімдер мен қызмет көрсету саласы мамандарының, жалпы, адал әрі заңға бағынатын азаматтардың ар-намысына тиетін кез келген әрекетке батыл түрде тосқауыл қоюымыз қажет», - деді ол өз сөзінде.

Айта кетейік, соңғы уақытта полиция қызметкерлеріне күш қолдану фактілері жиілеп кетті.

Бұған дейін Өскеменде полицейдің қаруын тартып алып, оқ атқан күдіктілер ұсталған еді.

Сондай-ақ Атырау облысы Мақат ауданында бір топ азамат полиция қызметкерлеріне қарсылық танытып, күш қолданған.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий