Тоқаев тұсындағы жеті жыл: Berlin Today Қазақстандағы өзгерістерді таразылады
Экономиканың өскенін есептен көру бір бөлек, күнделікті тұрмыстан сезіну бір бөлек. Berlin Today басылымы Қазақстанның соңғы жеті жылдағы өзгерісіне осы тұрғыдан үңіліп, елдің жетістіктерімен бірге әлі шешілмеген мәселелерін де атады, деп хабарлайды Politico.kz.
«Seven Years That Changed Kazakhstan» (қаз. «Қазақстанды өзгерткен жеті жыл») атты мақалада Қасым-Жомарт Тоқаев президент болғаннан бергі экономикалық және әлеуметтік өзгерістер талданған.
Басылым авторларының бағалауынша, Қазақстан осы аралықта экономикасын ұлғайтып, кәсіпкерлікті кеңейткен, сыртқы әлеммен байланысын нығайтқан. Бірақ мұнай мен басқа да шикізатқа тәуелділікті азайту жолы әлі аяқталған жоқ.
Ел бұл кезеңге құр қол кірген жоқ: 2019 жылы Қазақстанның табиғи байлығы мол, қаржы жүйесі біршама дамыған, шетелден инвестиция тартуда ондаған жылдық тәжірибесі бар еді. Ендігі мәселе сол мүмкіндіктерді халықтың тұрмысын жақсартуға жұмсау болатын. Бұған індет, тауар жеткізудегі үзілістер мен әлемдегі саяси алауыздық қосылды.
Berlin Today Дүниежүзілік банктің деректеріне сүйеніп, 7 жылда Қазақстанның жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнімі 50 пайыздан астам өскенін жазады. Халық саны да көбейіп, 20 миллионнан асқан. Басылым келтірген 2025 жылғы көрсеткіш бойынша, жан басына шаққандағы ЖІӨ Қазақстанда шамамен 14 700 доллар болса, Өзбекстанда 4 000, Қырғызстанда 3 100 доллар болған.
Экономиканың жалпы көлемінде де айырма бар. Сол деректер бойынша, Қазақстанның атаулы ЖІӨ-сі 2025 жылы шамамен 306 миллиард долларға жеткен, ал Өзбекстанда 147 миллиард, Қырғызстанда 22,6 миллиард доллар болған.
Авторлар Қазақстанның өңірдегі орнын тек осы көлеммен түсіндірмейді: елге бұрыннан тартылған инвестиция, қаржы саласының дамуы мен халықаралық компаниялардың жұмыс істеуіне жасалған жағдай да әсер еткенін айтады.
Өсімнің тағы бір белгісі – шағын және орта кәсіпке бет бұрған жұрттың көбеюі. Бұл салада шамамен 4,5 миллион адам жұмыс істейді, яғни 7 жыл бұрынғыдан 31,6 пайыз көп. Тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 47,5 пайызға өсіп, 2025 жылдың соңында 2,3 миллионға жеткен. Демек, елдегі әр бесінші тұрғыннан астамы осы саламен байланысты.
Әйтсе де кәсіпкерлердің көбеюі мемлекет пен бірнеше ірі компанияның экономикадағы басымдығын жойды деген сөз емес, деп ескертеді басылым. Оның бағалауынша, дәстүрлі салалардың жанынан кәсіпкерлікке сүйенетін кеңірек орта қалыптасып келеді.
Авторлар мұны Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан» ұстанымымен байланыстырып, экономикалық мүмкіндікке көбірек адам қол жеткізгенде ғана өсімнің баянды болатынын алға тартады. Жаңа кәсіпорындар, өндіріс, құрылыс пен мемлекеттік қызметтер жастары көбейіп, қалаға көшіп жатқан халықты жұмыспен қамтуға ықпал еткен.
Тұрғын үй құрылысының ауқымы да осы өзгерісті көрсетеді. 2019–2025 жылдары Қазақстанда 118,3 миллион шаршы метр баспана пайдалануға берілген. Халықтың өсуі, қалаларға көшуі және жас отбасылардың үйге мұқтаждығы тұрғын үймен бірге мектеп, балабақша мен өзге де қажетті нысандарға сұранысты арттырған.
Осы аралықта 761 мектеп пен 345 балабақша салынған. Басылым үшін бұл сандардың мәні ғимараттардың көптігінде ғана емес: жаңа мектептер сыныптардың шамадан тыс толуына, ірі қалаларға қоныс аударушылардың көбеюіне байланысты мәселелерді шешуге көмектесуге тиіс. Баланың қандай жағдайда оқитыны – экономикалық өсімнің нақты нәтижесін көрсететін өлшемдердің бірі.
Медицинада да құрылыс көбейген. 2023–2025 жылдары елде 813 медициналық нысан бой көтеріп, соның 655-і ауыл тұрғындарына алғашқы медициналық көмек көрсетуге арналған. Сол үш жылда күтілетін өмір ұзақтығы 2,79 жылға артып, 75,97 жасқа жеткен.
Дегенмен адамдардың ұзағырақ өмір сүруін бір бағдарламаның немесе жаңа ғимараттардың нәтижесі деуге болмайды, дейді авторлар. Оған табыс, өмір салты, дәрігерге қаралу мүмкіндігі, қоршаған орта мен халық құрамындағы өзгерістер қатар әсер етеді. Тоқаевтың президенттік кезеңі қоғамның сұранысы өзгерген уақытпен тұспа-тұс келген: жастары көбейген, әлеммен байланысы нығайған жұрт тұрақтылықтың өз өміріне не әкелгеніне көбірек мән бере бастаған.
Ал экономиканы өзгерту үшін әлеуметтік нысандар салумен шектелу жеткіліксіз. Қазақстан тұтынатын тауарын көбірек өзі өндіріп, кен өндіру саласынан тыс жұмыс орындарын ашуы керек, деп жазады Berlin Today.
Мысал ретінде басылым автомобиль өндірісін келтіреді: соңғы жеті жылда елде шамамен 800 мың көлік шығарылған. Бұл зауыт жұмысшыларынан бөлек, бөлшек жеткізушілерге, тасымалдаушыларға, инженерлер мен техникалық мамандарға да жұмыс береді, өндірістегі тәжірибені арттырады.
Қазақстан үкіметінің дерегінше, 2025 жылдың соңына дейін арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарда 860 жоба іске асып, 57 200-ден астам жұмыс орны ашылған. 2030 жылға қарай бұл аймақтарда тағы шамамен 200 жаңа жоба жүзеге асады деп күтіледі. Бұған қоса, елде 2025–2029 жылдары 140 өндірістік жобаны іске қосу жоспарланған.
Басылым Қазақстанның мұнайдан, ураннан, металдан немесе ауыл шаруашылығынан бас тартуын күтпейді. Авторлардың ойынша, осы байлықтың айналасында жаңа өндірістер құру әлдеқайда шынайы мақсат: шикізатты ел ішінде өңдеу, дайын өнімді көбейту және отандық өндірушілерді халықаралық жеткізу тізбектеріне қосу қажет.
Бұл тұста елдің географиялық орны да басқаша мағынаға ие болып отыр. Дүниежүзілік мұхитқа тікелей шығатын жолы жоқ ең үлкен мемлекет болу бұрын көбіне кедергі саналса, Еуразиядағы сауда бағыттары өзгерген кезде Қазақстан Қытайды, Еуропаны, Ресейді, Кавказды және Орталық Азияны жалғайтын ел ретінде өз орнын күшейтуге ұмтылып келеді.
Шетелдік капитал да келуін жалғастырған. Мақалада 2025 жылы тікелей шетелдік инвестицияның жалпы түсімі 20,5 миллиард долларға жетіп, 2024 жылмен салыстырғанда 14,4 пайыз өскені көрсетілген.
Авторлар инвесторларды табиғи ресурстармен бірге Қазақстан экономикасының көлемі, көрші нарықтарға шығу мүмкіндігі, Шығыс пен Батысқа қалыптасқан байланыстар және халықаралық бизнеске бейімделген қаржы институттары қызықтыратынын жазады.
Көрші елдердің дамуын да басылым Қазақстанға пайдалы өзгеріс деп бағалайды. Өзбекстан экономикасын ашып, жылдам өсіп келеді, Қырғызстан мен Тәжікстан да бастапқы экономикалық көлемі шағындау болғанымен, жоғары өсім көрсетіп отыр.
Бұл Қазақстан үшін нарықтың кеңеюін, сауданың жандануын және өңірдің ықпалы артуын білдіреді. Дегенмен авторлардың пікірінше, көршілердің қаржы жүйесі мен институттарының мүмкіндігі әзірге Қазақстандағы деңгейге жеткен жоқ. Осы себепті басылым Қазақстанды өңірде капитал тартатын, өнім өндіретін және компаниялардың Орталық Азия нарығына шығуына жол ашатын негізгі экономикалық орталық ретінде сипаттайды.
Berlin Today Тоқаевтың осы жылдардағы бағытын бір ғана ірі жобамен байланыстырмайды. Авторлар мемлекет, бизнес пен қоғам арасындағы қатынасты қайта құруға ұмтылысты, әлеуметтік нысандарға көңіл бөлуді, кәсіпкерлік пен өндірісті қолдауды және мемлекеттік мекемелердің жұмысын жақсарту талпыныстарын атайды.
Қытаймен, Ресеймен, Еуропалық одақпен, АҚШ-пен, ислам және түркі әлемімен байланыстарды сақтаған көпвекторлы сыртқы саясат та капитал тартуға, әлемдегі саяси бөлініс кезінде таңдау мүмкіндігін жоғалтпауға көмектескен, деп бағалайды басылым.
Сонымен бірге мақалада өсімнің көлеңкесінде қалмауға тиіс мәселелер де бар. Қымбатшылық отбасы табысына әсер етіп отыр, ірі қалалар мен ауылдардың тұрмысында айырма әлі айқын, жолдар мен басқа да қажетті желілер халық өсіміне ілесуге тиіс. Мемлекеттің экономикадағы үлесі де елеулі күйінде қалған.
Жаңа зауыттың ашылғаны – жұмыстың біткені емес. Berlin Today авторларының соңғы талаптарының бірі осыған саяды: кәсіпорындар өндіріс жоспарын орындаумен шектелмей, нарықта бәсекеге төтеп бере алуы керек.
Соңғы жаңалықтар