Трамп пен Путинге ұқсамайды. Стилист 73 жасқа толған Тоқаевтың киіну құпиясын айтты

17.05.2026 14:50 Арман Ермеков
Трамп пен Путинге ұқсамайды. Стилист 73 жасқа толған Тоқаевтың киіну құпиясын айтты
331
Фото: depositphotos.com
Стилист Назира Бурханова Тоқаевтың киіну стилін талдады.

Тоқаев 73 жасқа толып жатқан тұста, отандық стилист президенттің сыртқы келбеті мен киіну мәнеріндегі жасырын құпияларды ақтарып салды, деп хабарлайды Politico.kz.

Бүгін, 2026 жылдың 17 мамырында Қазақстан жұртшылығы президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 73 жасқа толған туған күнін атап өтіп жатыр. 2019 жылдан бері билік тізгінін ұстаған президент түрлі жаһандық дауылдар мен қиын-қыстау кезеңдерде елдің іргетасын шайқалтпай, саяси-экономикалық дамудың жаңа соқпағына түсіргені көпке мәлім.

Осынау атаулы күн қарсаңында біздің тілшіміз дизайнер-стилист Назира Бурхановамен тілдесіп, Тоқаевтың сыртқы келбеті өзге әлем көшбасшыларынан қалай дараланатынын сұрап білген еді. Стилист сөзінше, президент образында артық пафос жоқ, керісінше барлығы қарапайым әрі терең мағынаға ие.

«Қасым-Жомарт Тоқаев киіну стилі классикалық дипломатиялық стильге жатады, неге десеңіз, президентіміздің образында статустан гөрі ұстамдылық пен ресми элеганттылық басым. Ол көбінесе қою көк, қара, графит немесе сұр түсті біртекті костюм киеді, ал киіміндегі детальдар көзге түспейтіндей өте ұстамды. Базалық түстердегі жейде мен консервативті галстук тағады, ашық немесе айқайлап тұратын аксессуарлар мүлдем қолданбайды», - деді Назира Бурханова.

Маманның пайымдауынша, Тоқаев стиль арқылы байлығын көрсетуге тырысқаннан гөрі ресмилік пен сенімділікке көбірек басымдық береді. Бұл оның БҰҰ мен халықаралық дипломатиядағы мол тәжірибесінен сыр шертіп тұрғандай.

«Мерекелік немесе мәдени шараларда қазақы оюы бар шапан мен камзол секілді ұлттық элементтерді киеді, бірақ күнделікті саяси имиджінде батыстық классикалық стильді ұстанатынын байқадым. Костюмдерінің матасы мен пішімінің сапасы жоғары деңгейде тігілгені байқалады, иық сызығы жинақы, ұзындығы дәл, аяқ киімі әрдайым классикалық. Оның стилі стилистер тіліндегі "quiet luxury", "presidential classic" және "diplomatic formalwear" бағыттарына дәл келеді. Мен стилист ретінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың имиджін «интеллектуал дипломат» пен «ұстамды президент» образынан құралған ерекше стиль дер едім, өйткені оның киіну мәнері жай ғана сән таңдауы емес, саяси коммуникацияның үнсіз әрі әсерлі тілі іспетті», - деп мәлімдеді стилист.

Сонымен қатар, ол Тоқаевтың бейнесі эмоцияға емес, керісінше интеллектке жұмыс істейтінін алға тартты. Қарапайым галстук пен бейтарап түстер оның кәсіби тұлғасын тереңдете түсіп, харизмамен емес біліммен ықпал ететін көшбасшының келбетін жасайды.

«Тоқаев стилінің басты өзегі ұстамдылық, ол ешқашан көз қарықтыратын сәнге не шектен тыс қымбат образға ұмтылмайтындығымен де ерекшеленді. Керісінше қарапайымдылық арқылы салмақты лидердің болмысын айқындай түсетіндей, артық пафос жоқ, бірақ бедел әрбір образынан анық сезіліп тұрады. Президенттің сыртқы келбетінен көп жылдық дипломатиялық тәжірибенің табы байқалады, классикалық костюм мен жинақы силуэт халықаралық протоколмен үндесіп жатыр. Оның образында артық деталь кездеспейді, себебі менің ойымша ол кісідегі басты акцент сабыр мен статус», - деді ол.

Бұдан бөлек, Назира Бурханова әлемдік және посткеңестік саясаткерлердің киіну үлгісін салыстыра келе, біздің президенттің прагматикалық қадамын ерекше атап өтті.

«Әдетте әлем лидерлері сыртқы келбеті арқылы харизма мен билік символын көрсетуге ұмтылады. Мәселен Владимир Путин күш пен қатаңдық образын алға шығарса, Дональд Трамп байлық пен статус эстетикасын айқын көрсетеді, ал Эмманюэль Макрон қазіргі еуропалық сәнге жақын стильді таңдайтынын түсіну қиын емес. Тоқаевтың бейнесі мүлде басқа қырынан танылады, ол образдары арқылы өзін интеллектуал, тәжірибелі дипломат әрі академиялық ортаға жақын тұлға ретінде көрсетеді. Посткеңестік лидерлермен салыстырғанда да айырмашылық анық байқалады, мәселен Нұрсұлтан Назарбаевтың стилінде салтанат пен билік символикасы басым болса, Тоқаев образында қарапайымдылық пен технократиялық нақыш алдыңғы қатарға шығады», - деп хабарлады стилист.

Сұхбат соңында маман президенттің күнделікті жұмыс барысындағы кішігірім детальдарына, соның ішінде галстук тағу мәнеріне тоқталды. Оның айтуынша, дәл осы кішкентай зат адамның ішкі мінезін ашып береді.

«Менің ерекше назар аударғаным галстук болды. Негізінен галстук іскерлік образдың айнасы саналады, сондықтан кейбір стильде киінген адамдар образына ерекшелік беру үшін оны түрлі қыстырғыштармен немесе түйреуіштермен әрлеп жатады. Олар көбіне ашық, қанық түстерді таңдап, түрлі ою-өрнекпен тағады. Бірақ біздің президентіміз нағыз минималист екені қатты байқалады. Ол артық детальдарсыз, нақты минимализмді ұнатады», - деді Назира Бурханова.

Войдите, чтобы оставить комментарий