Трамптың Украинадағы атысты тоқтату жоспары: қазіргі кезде не белгілі?

Трамптың Украинадағы атысты тоқтату жоспары: қазіргі кезде не белгілі?
12.03.2025 12:46
0
404
AP Photo / Ben Curtis
АҚШ пен Украина 30 күндік атысты тоқтату туралы келісімге келді

Украина мен АҚШ Сауд Арабиясының Джидда қаласында өткен келіссөздерден кейін 30 күндік уақытша атысты тоқтату туралы келісімге келді, деп хабарлайды POLITICO.KZ POLITICO басылымына сілтеме жасап.

Үш жылдан астам уақытқа созылған қақтығыстан кейін Украина АҚШ-тың дереу атысты тоқтату туралы ұсынысын қабылдады. Егер Ресей де дәл осы шарттарға қол қойса, 30 күндік уақытша бітім күшіне енеді, делінген Украина мен АҚШ үкіметтерінің бірлескен мәлімдемесінде.

АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей президенті Владимир Путинмен атысты тоқтату жоспарын қабылдау туралы сөйлесетінін мәлімдеді. «Танго билеуге екі адам керек», – деді ол.

Міне, қазір белгілі жайттар:

1. Соғыс қимылдары бірден тоқтауы мүмкін — егер Ресей келіссе

  • Трамптың командасы 30 күндік атысты тоқтату жоспарын енді Мәскеуге жолдайтынын айтты. «Доп енді олардың алаңында», – деді сенатор Рубио. Ресей Трамптың ұстанымына қазірше көңілі толып отырғандай, әрі атысты тоқтату Кремльге әзірге жауынгерлік іс-қимылдарға үзіліс жасаудан өзге алдын ала шарт қойып отырған жоқ.
  • Атысты тоқтату жоспарының жобасына сәйкес, соғыс қимылдарын тоқтата тұру гуманитарлық қадамдарды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Оған әскери тұтқындарды алмастыру, ұсталған бейбіт тұрғындарды босату және «зорлықпен әкетілген украиналық балаларды қайтару» кіреді делінген бірлескен мәлімдемеде.

2. Путин мұнымен келісер ме екен?

  • Алғашқыда Мәскеу аса бір ықылас таныта қоймады. Ресейдің мемлекеттік ТАСС ақпарат агенттігіне берген сұхбатында РФ Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова: «Алдағы бірнеше күнде АҚШ өкілдерімен байланысқа шығуды жоққа шығармаймыз», – деп мәлімдеді.
  • Батыс шенеуніктері Путиннің ұзақ мерзімді бейбітшілікке расында мүдделі екеніне бұрыннан күмән келтіреді, тіпті ол 30 күндік атысты тоқтатуға келіссе де. Себебі Ресей Солтүстік Корея, Қытай және Иран сияқты елдердің көмегіне сүйене отырып, майданда біраз жерді қайтарып алған.
  • Путин сонымен бірге ұзақ мерзімді келісімге қатысты Украина орындай алмайтын талаптар қойған. Ол талаптардан Путин тек Трамптың қалауымен бас тарта сала ма?

3. АҚШ Украинамен қайтадан барлау мәліметтерімен бөлісуде

  • Бұған дейін АҚШ Киевке қару-жарақ пен барлау мәліметтерін жеткізуді тоқтатқан болатын. Енді Вашингтон құпия ақпарат алмасуды қайта жалғастыратынын растады. Сондай-ақ «қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі көмектің» жалғасатыны айтылды, бұл, шамасы, әскери көмекке сілтеме болса керек.

4. Бұл әлі бейбіт келісім емес

  • Ұсынылған шарттар уақытша бітімді қарастырады, оны қос тарап та қалап жатса, ұзарта алады. Атыс тоқтаған соң бірден тұрақты бейбітшілік шарттарын талқылау басталады. АҚШ пен Украина бірлескен мәлімдемеде өздерінің келіссөз жүргізетін топтарын тез арада жариялайтынын айтты.

5. Бұл «пайдалы қазбалар» туралы келісім емес

  • Трамп Украинадағы литий, уран және титан сияқты аса маңызды пайдалы қазбалар қорына қол жеткізгісі келетінін ашық айтты. Екі апта бұрын Ақ үйге келген кезде Зеленскийдің америкалық компанияларға осы қазбаларды өндіруге құқық беретін келісімге қол қоюы күтілген еді, алайда бұл келісім жүзеге аспай қалды.
  • Сейсенбі күні атысты тоқтату жоспары жарияланғаннан кейін Трамп журналистерге Зеленскийді қайтадан Ақ үйге шақыратынын айтты.

6. Украина әзірге бірде-бір жерін берген жоқ

  • Келіссөздердің қарсаңында сенатор Рубио Киевке аумақтық мәселелер бойынша да ымыраға келу қажет болатынын ескерткен. Бірақ Джиддадағы 8 сағаттық пікірталас кезінде жер беріп қою тақырыбы тіпті талқыланбағанын украиналық шенеунік растады. Алайда тұрақты бейбіт келісім туралы нақты келіссөздер басталса, бұл мәселе сөзсіз көтеріледі.

7. Трамп қауіпсіздік кепілдігін беруге келіскен жоқ

  • АҚШ президенті Украинаға болашақта «тым көп» қауіпсіздік кепілдігін беруге ниетті емес екенін анық айтты, мұны Еуропаның міндеті деп санайды. Сейсенбі күні қабылданған бірлескен мәлімдемеде бұл ұстанымның өзгергеніне ешқандай ишара жоқ.

8. Еуропа «процесске қатысуы керек»

  • Бірлескен мәлімдемеде украиналықтар «еуропалық серіктестердің» бейбітшілік процесіне қатысуын қалайтыны атап көрсетілген. Алайда бұған америкалық тараптың да келіскені-келіспегені әзірге беймәлім. Еуропалық комиссия президенті Урсула фон дер Ляйен мен Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер бейбіт келіссөздердің алға жылжығанын құптап, дереу жылы лебіз білдірді.

9. Енді не болады?

  • Сенбі күні Кир Стармер еуропалық және өзге де мемлекет басшыларын кездесу өткізуге шақырды. Франция президенті Эммануэль Макронмен бірге ол «қатысуға дайын елдердің коалициясын» құруға күш салуда. Бұл коалиция тұрақты бітімді қамтамасыз ету үшін бітімгерлік күштер жіберуге немесе басқа халықаралық қолдау түрлерін көрсетуге дайын болмақ.
  • Трамп әкімшілігі АҚШ-тың құрлықтағы әскер жібермейтінін мәлімдегендіктен, бұл келіссөздерге Америка қатыспайды. Ендігі мәселе: Стармер мен Макронның коалициясы Ресейдің шабуылын тоқтатуға Украинаға жеткілікті дәрежеде кепіл бола ала ма және ол коалиция Путинге қандай да бір қауіп төндірмейтіндей бейтарап бола ала ма – осыған келіп тіреледі.
Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий