Түнде әлемде не болды - 12 наурыз

Түнде әлемде бірқатар маңызды оқиғалар орын алды, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
АҚШ пен Ресей арасындағы келіссөз
АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Джиддадағы Украинамен өткен келіссөздерден кейін Ресейге Украинаның аумағындағы әскери әрекеттерді тоқтату туралы бірнеше ұсыныс жіберетінін мәлімдеді. Рубио ұсыныстардың бірнеше дипломатиялық арналар арқылы Ресей тарапына жеткізілетінін және оң жауап болады деп үміттенетінін атап өтті.
Путин мен Трамп арасындағы әңгіме
Сонымен қатар, Кремль журналистері пулына кіретін Дмитрий Смирновтың Telegram-арнасы Ресей президенті Владимир Путин мен АҚШ-тың президенті Дональд Трамп арасында телефон арқылы келіссөз болатынын хабарлады. Әңгіме жұма күні, 14 наурызға жоспарланған.
Пәкістандағы теракт және құтқару операциясы
Пәкістанда лаңкестер басып алған пойызға қарсы операция нәтижесінде 16 террорист жойылып, 104 жолаушы аман-есен құтқарылды. Елдің Ішкі істер министрі Талал Чаудхридің айтуынша, террористер жолаушыларды тірі қалқан ретінде пайдаланған. Қазіргі уақытта кепілге алынғандарды құтқару операциясы жалғасуда.
Румыниядағы президенттік сайлау дауы
Румыния Конституциялық соты Кэлин Джорджескудің президенттік сайлауға қатысу туралы апелляциясын қабылдамады. Осылайша, Джорджеску 2025 жылдың мамырында өтетін сайлауға қатыса алмайды. Бұған дейін ол президенттік сайлаудың бірінші кезеңінде жеңіске жеткенімен, шетелдік араласу себебімен сайлау нәтижелері сотпен жойылған болатын.
АҚШ пен Канада арасындағы жаңа талап
Сондай-ақ, АҚШ жаңа ережелер бойынша елде 30 күннен артық болатын Канада азаматтарын міндетті тіркеуден өткізетін болды. Бұл туралы канадалық ресми тұлғаларға сілтеме жасап, New York Times хабарлады.
Соңғы жаңалықтар





