Алматыда тұқым сапасын бақылауды күшейтетін цифрлы жүйе ұсынылды

13.11.2025 12:33 Айсұлу Мұрат
Алматыда тұқым сапасын бақылауды күшейтетін цифрлы жүйе ұсынылды
0
55
Pixabay

Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясы ауыл шаруашылығы саласындағы мамандармен бірлесіп семинар-кеңес өткізіп, жаңа цифрлы платформаны таныстырған еді. Бұл жүйе тұқым шаруашылығын бақылауға, деректерді нақтылауға әрі өнім сапасын арттыруға бағытталған. Ғылыми-зерттеу институттарының ғалымдары әзірлеген цифрлы жүйе – егіншілік саласындағы түйткілді мәселелерді шешуге арналған жаңа құрал, деп жазады POLITICO.KZ.

Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев семинар барысында сапалы тұқымның маңызын ерекше атап өтті.

«Мемлекет басшысы Жолдауында елдің заманауи қарқынмен дамуы үшін цифрлық технология мен жасанды интеллектіні кеңінен енгізу жөнінде нақты тапсырма берген. Біздің әзірлеген цифрлы жүйе осы бағыттағы маңызды бастама. Бұл жоба сынақтан өткеннен кейін ауыл шаруашылығы министрлігіне ұсынылып, өндірістік деңгейде енгізіледі. Қазір елімізде ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігі әлі де төмен. Себебі сорттарды дер кезінде алмастыру мен жаңарту жүргізілмейді. Кей шаруашылықтар тұқымдық материал ретінде тауарлық астықты пайдалануға мәжбүр. Мұндай жағдай өнім сапасына кері әсер етеді. Сондықтан цифрлы платформа тұқым шаруашылығындағы барлық қозғалысты бақылауға мүмкіндік береді», деді ол.

Ғалымның айтуынша, жаңа жүйе тұқым шаруашылығына қатысты нақты әрі өзекті ақпарат беретін бірыңғай дереккөзі болмақ. Платформа арқылы барлық технологиялық үдерістердің ашықтығы қамтамасыз етіледі. Бұл жүйе жалған көрсеткіштердің алдын алып, субсидияларды заңсыз үлестіруге жол бермейді. Сондай-ақ өсімдік сорттарының авторларына тиісті роялти мен сыйақыны төлеу мәселесін реттеуге ықпал етеді. Ақылбек Күрішбаев сөзін түйіндей келе, «дамушы елдердің тәжірибесінде мұндай цифрлық жүйелердің тиімділігі дәлелденгенін» айтты. Оның пікірінше, бұл платформа агроөнеркәсіп саласында бақылауды күшейтіп, егу материалдарының оригинатордан тауар өндірушіге дейінгі қозғалысын толық қамтиды.

Семинар барысында Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев өңірдің цифрлы жүйені сынақтан өткізуге дайын екенін мәлімдеді.

«Көктемгі жауын-шашын аз, ал жазда түнгі салқын жиі болды. Соның салдарынан дәнді және майлы дақылдардың 10 пайыздай аумағында өнім төмендеді. Бұл фермерлерді климатқа бейім, ауру мен стрестік жағдайларға төзімді отандық селекциялық сорттармен қамтудың маңызын көрсетті. Қазір облыстағы 20 тұқым шаруашылығы жылына бар болғаны 2 мың тонна тұқым өндіреді, ал фермерлердің қажеттілігі 62 мың тонна шамасында. Демек, біз олардың сұранысының тек 3 пайызын ғана өтеп отырмыз. Тұқым бойынша импортқа тәуелділік өте жоғары. Сондықтан отандық сорттардың өндірісін арттырып, импорттық тұқым жеткізушілердің жұмысын бақылауға мүмкіндік беретін цифрлы жүйе стратегиялық тұрғыда қажет», деді ол.

Жиында сөз алған Ұлттық ғылым академиясы президентінің кеңесшісі Төлеухан Нұрқиянов жобаның қалай жасалғаны туралы егжей-тегжейлі баяндады.

«Бұл жоба 2022 жылы қолға алынған. Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті, Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы, Қазақ картоп және көкөніс шаруашылығы, сондай-ақ Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институттарының мамандары жобаның техникалық жағын дайындады. Ал цифрлы кезеңін Қазақ-Британ техникалық университетінің ғалымдары толық аяқтап, оған авторлық куәлік берілді. Қазір жүйе зертханалық сынақтан өтті, енді Қостанай мен Алматы облыстарында пилоттық режімде тестілеу жалғасуда», деді ол.

Нұрқияновтың айтуынша, платформа арқылы тұқым шаруашылықтарының қажеттілігі мен сұранысын бақылауға мүмкіндік туады. Жүйеде еліміздегі барлық ауыл шаруашылығы субъектілері мен ғылыми-зерттеу институттарының деректері біріктіріледі. Қай өңірде қандай шаруашылық бар, қанша өнім өндірілген, қанша тонна тұқым сатылғаны – барлығы ашық көрсетіледі. Бұл ақпарат тек мемлекеттік органдарға ғана емес, шаруашылық иелеріне де қолжетімді болады. Ғалымның сөзінше, жүйе өнім сапасын анықтауға, шаруашылықтардың бәсекелестігін арттыруға және аграршыларды сапалы тұқым өсіруге ынталандыруға көмектеседі. Реестрде әр тұқымның түрі, сипаттамасы, оған деген сұраныс пен таралу аймағы көрсетіледі.

Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрағасы Теміржан Айтбаев та цифрлы жүйенің тиімділігіне сенім білдірді. Ол елімізге кейде рұқсат етілмеген және аудандастырылмаған сорттардың әкелініп жатқанын айтты.

«Мұндай жағдайлар егіншілікке зиян тигізіп жатыр. Цифрлы жүйе бұл келеңсіздіктердің жолын кеседі. Енді әр тұқым туралы толық ақпарат алуға болады. Оның қай елден әкелінгені, элиталық немесе бірінші не екінші репродукцияға жататыны, аудандастырылған-айналымда бар-жоғы барлығы тіркеледі. Осы деректер арқылы тұқым шаруашылығының даму барысына талдау жасауға мүмкіндік туады», деді ол.

Теміржан Айтбаевтың пікірінше, платформаға енгізілетін деректер өзіміздің ғалымдар әзірлеген сорттар туралы нақты мағлұмат бермек. Бұл жүйе арқылы ғалымдардың еңбегі бағаланып, отандық тұқым өндірісінің тиімділігі артады. Ол «бүгінде ғалымдар еңбегінің қайтарымы аз, субсидиялар жеткіліксіз. Ал цифрлы жүйе барлық ақпаратты ашық көрсетіп, саладағы әділдікті орнатады» деді.

Қазіргі уақытта жаңа платформа Алматы облысында қанатқақты режімде іске қосылды. Оның жұмысын ғалымдар тұрақты түрде бақылап отыр. Бұл жоба еліміздің тұқым шаруашылығын жаңа деңгейге шығарып, өнім сапасын жақсартуға және ауыл шаруашылығы саласын толық цифрландыруға нақты қадам болмақ.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий